«Шошқа нәжісінің исіне тұншығып отырмыз». Қарағанды облысының тұрғындары кәсіпкермен тартысып жүр
Ауыл тұрғындары сасық иіске төзу мүмкін еместігін айтады
Қарағанды облысында Ростовка ауылының тұрғындары ауылды жайлаған сасық иіске шыдай алмай отыр. Оның қайдан шығып жатқанын да біледі. Тек соны тыю үшін қай жерге шағымданса да қайран жоқ, дейді Halyq Uni тілшісі.
Ауыл маңында орналасқан «Киров» өндірістік кооперативі арагідік жүк көліктеріне тауықтың нәжісін тиеп шығарады. Бірнеше көлік жүріп өткенде мүңкіген иіс төңіректі, оның ішінде Ростовка ауылын да жайлайды. Жол бойына шашылып, соның кесірінен жағымсыз иістің «жұпары» ауылды әбден әбігерге салады.
Ростовка жұртының айтуынша, ауылдың аумақтық инспекторының да онымен ісі жоқ.
Көрсетіп бергеннің өзінде шара қолданбайды. Ауыл демала алмайды. Осыны тоқтатып берсін. Жүк көліктеріне тиеп таситыны тауық емес, шошқаның нәжісі. Өйткені, сасық исі сұмдық. Көліктің үстін де жаппайды, онысы жолға төгіліп жатыр, – дейді ауыл тұрғыны Қаби Жайлаубай.
Тұрғындардың тағы бір жанайқайы, ауылда мал ұстайтын жер қалмаған. «Киров» ӨК ауыл маңын басып алғандықтан дүйім ел төрт түлігін қайда жаярын білмейді.
Олар кооператив басшысының жерді түгел заң бойынша рәсімдегеніне, құжатының еш кемістігі жоқ екеніне қарағысы жоқ. Жүк көліктерінің тасып жүргені тауықтан шыққан қалдық дегеніне де сенбейді.
Мәселенің бәрі қордаланып келгендіктен амалы таусылған жұрт өз бетінше шара қолдануға көшкен. Ростовка аулының 20 шақты адамы төзімді тауысқан жүк көліктерін «Киров» ӨК аумағынан сыртқа шығартпай қойған. Ауылдықтардың шағымы бойынша мәселенің түпкілікті шешілуіне «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі де белсене кіріскен. Бірлестіктің Қарағанды облыстық филиалы өкілдерінің араласуымен аудан әкімінің тұрғындармен шұғыл жиын өткізуіне тура келді.
Әкім келген соң мәселенің бәрін айтып қалуға тырысқан тұрғындар Красная нива, Қызылжар, Жаңаталап, Ростовка ауылдарына қатынап тұрған жалғыз жедел жәрдем көлігінің санын арттыру, мал жайылымын ұлғайту, жыл сайын қазып тастайтын жолдың жайын да шешіп беруді сұрады.
Беті қатты тұрғындардың алдынан жай құтылмасын білгендіктен әкімге мәселені сол жерде шешуге тура келді. Сөйтіп, ендігәрі:
- Тауық (әлде шошқа) нәжісін таситын жүк көліктері уақытша тоқтатылып, облыстық экология департаментінің шешімін күтетін болды. Солар мәселені ауыл тұрғындарының ыңғайына шешсе, боқ таситын көліктер одан әрі де жүрмейді.
- Жер мәселесі бойынша картамен сызып отырып көрсетіп беретін болды.
Одан басқа да жол, су мәселелерін қоса алғанда сәрсенбі күні өтетін келесі жиында барлығына нүкте қойылмақ.