×

Оқушылардың каникулын қысқарту: Ата-аналар одағы Тоқаевқа үндеу жолдады

Қазақстан ата-аналар одағы балалар аптап ыстықта білім алуы үшін мектептерде жағдай жасалмағанын алға тартты

 Наима Нұрәлі 22.07.2022 | 18:16

Қазақстанда оқу жылын 31 мамырға дейін ұзарту ұсынылды. Соған байланысты ата-аналар мен мұғалімдер арасында әртүрлі пікір пайда болды. Соның ішінде «Қазақстан ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі жетекшісі Марина Шаймаханова балалардың жазғы демалысын қысқартуға түбегейлі қарсы екенін жеткізіп, мыңдаған ата-ана атынан президентке үндеу жолдады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Біз балалардың жазғы демалысын қысқартуға қарсымыз. Себебі мектеп бағдарламасының жүктемесі тым ауыр. Еліміздің оңтүстік өңірінде жаз ерте шығады. Балалардың аптап ыстықта білім алуы үшін мектептерде қажетті жағдай жасалмаған. Оның үстіне балалар келесі оқу жылы басталғанша тынығуы керек. 14 күннің өзі айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан біз бұл бастамаға қарсымыз. Сабақ 25 мамырда аяқталуы керек. 1 маусымға дейін оқытқаннан білім сапасы артпайды», - деді Марина Шаймаханова.

Ал Astana Garden School бастауыш мектебінің директоры Жанат Зайкен жазда 2-2,5 ай демалу жеткілікті дейді. Тіпті бұл мектеп келешекте 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуді жоспарлап отыр.

«Жыл өткен сайын азаматтарымызға бәсекеге қабілетті болу қиындап барады. Қазір мектеп түлегіне жоғары талап қойылады. Мәселен, білімі университеттің 2-курс студенттерімен тең дәрежеде болуға тиіс. Шетелдер бізді осы жағынан басып озып жатыр. Көп оқыса, сонша білім алады. Англияда 34 оқу аптасы болса, бізде – 34. Қазір елімізде 14 күндік оқу аптасын енгізіп, Англиямен теңесу ұсынысы айтылып жатыр», - дейді Жанат Зайкен.

ОҚУЛЫҚТАР ЖАҢАРА МА?

Бастауыш мектеп директоры егер 14 күндік оқу бағдарламасы қабылданса, оқулықтарды жаңарту қажеттілігі туа ма деп алаңдаулы.

«Егер нақты қабылданса, оқулықтарды жаңарту қажет. Сонда қазір қолданыстағы кітаптарды қоқысқа тастау қажет пе? Бұдан қаншама шығын келеді. Сонымен қатар ұстаздарымыз 25 мамырдан кейін еңбек демалысына шықпай тұрып, балалардың білім сапасы бойынша талдау жүргізетін. Енді ол уақытта сабақ берейін деп тұр. Сонда мұғалімдердің жұмыс нәтижесін шығарып, оқу жылын қорытындылауға аз уақыт қалады», - деп қорытындылады Жанат Зайкен.

Жаңа оқу жылында мектеп оқушыларының демалыс уақыты өзгеруі мүмкін. Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылын 1 қыркүйекте бастап 31 мамырда аяқтауды жоспарлап отыр. Осылайша 1 маусым – Балаларды қорғау күні енді жазғы демалыстың бірінші күні болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама