Halyq Uni логотип
×

Қарттар үйіндегі қариялар: «Немерелерімді көрмедім, тек фотосын жіберіп тұрады»

Қарттар үйі: жалғыздық, үміт, ән айту, домбыра шерту

 Наима Нұрәлі 19.07.2022 | 11:15

Жасы жетпіске жақындаған Дулат Көптөлеуов екі жылдан бері елордадағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрады. Инсульт, инфаркт алған соң балаларына масыл болғысы келмей, осы Қарттар үйіне келуді жөн көріпті. Halyq Uni тілшісі қариямен сөйлесіп, мұңын тыңдап қайтты.

«Орталыққа денсаулығыма байланысты келдім. Мені ешкім үйден қуған жоқ. Балаларым бизнеспен айналысады. Олардың өз отбасы бар. Кедергі болғым келмейді. Бұл орталықта күні-түні әлеуметтік қызметкерлер көмек көрсетеді. Осы жерде намазымды оқып, балаларым мен немерелерімнің суретіне қарап отырамын. Амал нешік... Кезінде жанында бола алмадым. Өзімнен де кінә бар», - дейді Дулат Көптөлеуов.

Қария домбыра шертеді, ұл-қызы, немерелеріне деген сағынышын қазақтың екі шекті аспабы арқылы басады. Бес уақыт намазын қаза қылмайды. Ол тілшілерге фотоальбомын көрсетіп, келіндері мен немерелерін әлі күнге дейін жүзбе-жүз көрмегенін айтты. Ендігі арманы – артында қалған ұрпағының амандығын тілеу ғана.

Әйеліммен ажырасқанмын. Одан кейін үйлену жайында ойлаған емеспін. Біраз беделді қызмет атқардым. Жұмыстың соңында жүріп, денсаулығыма мән бермеппін. Бүгін міне, зардабын тартып отырмын. Маған күн сайын дәрі ішу керек. Олардың бағасы да арзан емес. Бұл орталықта барлық жағдай жасалған. Одан бөлек түрлі үйірмелер бар. Газет оқимын, ән айтамын. Уақытымыз осылай өтіп жатыр, - дейді қария.

«Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директоры Асхат Алмабековтың айтуынша, Қарттар үйіне тағдыр тауқыметі, басқа салған жалғыздық, сыйласатын ортаның жоқтығы мен бос уақытының көп болуы жетелейді екен.

«Бүгінде 317 жан осы орталықта тұрып жатыр. 266-сы мемлекеттің қаржыландыруымен тұрады, ал қалғаны ақылы түрде. Қиын жағдайда қалған азаматтар, І-ІІ топтағы мүгедектігі бар кісілер, зейнеткерлерге қолдау көрсетеміз. Тек стационар жағдайында емес, әрбірінің үйіне барып, көмек көрсетеміз. Сонымен қатар қаладағы жалғызбасты қарттарымыз орталыққа келіп, түрлі үйірмелерге тегін қатыса алады», - дейді А.Алмабеков.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама