Айжан Башеева деген кім немесе «Жасыл дамуды» да «РОП» өкілдері басқарып отыр ма?
Утилизация алымы бойынша тағы да жұмыс тобының отырысы өтті
Бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің қатысуымен утилизация алымының мөлшеріне қатысты жиын өтті. Осымен екінші рет ұйымдастырылған онлайн отырыс тағы 2 сағатқа созылды. Спикердің барлығы дерлік бұрынғысынша утилизация алымын алып тастауды немесе төлем құнын 100 мың теңгеге дейін төмендетуді сұрайды.
Белсенді топ жетекшісі Санжар Боқаевтың айтуынша, осыған дейін «ӨКМ операторы» ЖШС жинаған 692 млрд теңгеден түк пайда болмаған. Есесіне, бұл жұмысты бәсекелестік ортаға берсе, утилизация алымына 100 мың теңге бағамен қазірдің өзінде 4 бірдей компания жұмыс істеуге дайын.
Жиынға қатысқан шетелдік көлік импорттаушы компания өкілдерінің мәліметінше, олар елдегі жеңіл автокөліктердің 35%-ын ғана беріп отыр. Сондықтан өз қалталарынан бүкіл Қазақстан көліктерінің утилизациясына қаражат төлеуге олар да қарсы.
Белсенді топтың министрлікпен келісе алмай жүрген ендігі мәселесі, «Жасыл даму» құрылымына қатысты. «Оператор РОП» мемлекетке 49 млрд теңге корпоративті кіріс салығын төледі. Жаңадан қалыптасып жатқан «Жасыл даму» АҚ болып құрылса, ол да халық қалтасына салықтың бір түрін салайын деп тұр. Сондықтан ол республикалық мемлекеттік мекеме болып құрылуы тиіс, – дейді олар.
Сайып келгенде, әңгімесі көбейіп тұрған утилалым мәселесінің басын ашып алу үшін толыққанды аудит жүргізу керектігі айтылып отыр. Оны министр де құптайды. Сол үшін утилалымға кемінде жарты жыл немесе бір жыл мораторий жариялау керек дейді белсенді топ. Біріншіден, онсыз да 220 миллиард теңге жиналған қаражат бар. Екіншіден, осы аралықта утилизация алымынсыз автопарктер жаңара ма, жаңармай ма, соны білуге жақсы мүмкіндік деген пікірде.
Айта кетерлік тағы бір қызық жайт, белсенді топ өкілдері Айжан Башееваның «Жасыл даму» АҚ-на бас директор орынбасары болып келуінен қатты күдіктеніп отыр. Ол кезінде «Оператор РОП-та» қайта өңдеу төлемдерін қабылдауды реттеу бөлімін басқарған адам. Бірақ «Жасыл дамуда» болып жатқан бұл жағдайды министр де, Қалдықтарды басқару мемлекеттік саясаты департаментінің басшысы Мансұр Ошурбай да білмейді. Аталған қызметкердің өзі, не «Жасыл даму» әзір байланысқа шықпай отыр. Интернетте де Айжан Башееваның «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бірінші дәрежелі сарапшысы деген атағынан басқа ақпарат көзге түспеді.
Айта кетейік, қаңтардың 24-інен бастап өндірушілер мен импорттаушылар утилизация төлемін жаңа реквизиттермен «Жасыл даму» АҚ-на төлей бастады. Кәдеге жарату төлемінің мөлшерін уәкілетті орган қайта қараған сәтке дейін қазіргі мөлшерлеме қолданылады. Сонымен қатар мемлекеттік оператор ескі көліктерді қабылдау жұмысын қайта жаңғыртты. Ауылшаруашылығы техникасын тапсырып, жеңілдікпен көлік сатып алуға берілген сертификаттарды да пайдалануға болады.