«Төтенше жағдай жариялансын». Маңғыстаулық шаруалар талап қойды
Қуаңшылық салдарынан малы қырылған шаруалар Нұр-Сұлтан қаласына арнайы келіп, базынасын айтты
Бүгін елордада өткен Қазақ шаруаларының І құрылтайында Маңғыстау облысында төтенше жағдай жариялау мәселесі қайта көтерілді. Шығынға батқан шаруалар 1207 мал басы қырылғаны жайлы ресми деректі жоққа шығарып, шын мәнінде жағдай қалай екені туралы өз есебін ұсынды.
Маңғыстау облысынан келген «Меру-Ману» шаруа қожалығының басшысы Әділбек Сағындықтың айтуынша, 4-5 ауыл шарусының шығынын тізгеннің өзінде 3 жарым мыңға жуық мал қырылған. Оның ішінде: 141 түйе, 1427 жылқы, 141 сиыр, 1705 бас қой. Былтырдан бері шаруаның өзі де 100 бас жылқысының біразын сатып, бірнешеуі өліп, қазір жартысы ғана қалған. Ал мемлекеттен берілген біржолғы көмек жұмырына жұқ болмапты.
Мысалға менің 50-дің үстінде жылқым, 10-ның үстінде түйем бар. Содан ИСЖ-ға (ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру – ред.) тек 2 түйір түйе тіркелген. Сондықтан мен сол екі түйеге 18 мың теңге шамасында алдым. Бізде 20 келілік жемнің әр келісі - 105-115 теңге. 9 мың теңгеге ары кеткенде 3 қап жем аларсың. Үш қап жеммен 3 ай қыстан шыға алмайтынымыз анық қой?!, - дейді Әділбек Сағындық.
Маңғыстаулық тағы бір шаруа - Нұрасыл Қармысов елордаға қолына қамшысын ұстай келген. Былтырғы 40 түйесінен қалған төрт бас малынан енді айрылғысы жоқ. Сондықтан облыста төтенше жағдай жариялауға қарсы болғандарға осы қамшысын сілтеуге де дайын.
Қызылордалық шаруа Айдарбек Бекжановтың мәселесі тіпті қызық. Қармақшы ауданы, Ақай ауылының жұрты шөбі шүйгін жерге мал жаяйын десе, Сырдариядан асып өте алмайды екен. Айналып өту үшін 170 шақырым жол жүру керек. Дариядан асып өтетін көпір салып береміз деген атқарушы органдар әлдеқашан із суытқан. Соның кесірінен ауыл шаруалары қуаңшылық зардабын тартып отыр.
Биылдыққа 37 бас төл алсам, соның тең жартысы қырылып қалды. Оны кімге айтып жылаймын? Көзімен көрген адамдар біледі, мал жайылымы жоқ. Қазір жерде шөп жоқ. Көпір салса екен деп жатқаным – дарияның арғы бетінде шөп бар. Ол көрініп тұр. Бүкіл ауыл халқы біледі. Ақай ауылының аманаты - көпір салынса екен, - дейді «Береке» шаруа қожалығының төрағасы Айдарбек Бекжанов.
Жиынға қатысқан Мәжіліс депутаттары да шаруалардың мәселесін қолдай кетті.
Мамыр айында Маңғыстау облысында төтенше жағдай жариялансын деген хаттама толтырылды. Одан бері 6 ай өтті. Біз осы жерге келген соң әріптесіміз Еділ Жаңбыршин екеуміз хаттаманы Премьер-министрге жолдадық. Соны жолдағаннан кейін 2-3 айдан соң 1,9 млрд теңге қаражат бөлінді. Оның бүгінгі таңда тек 1,2 миллиарды ғана халыққа таратылды. Қалған 700 млн теңгесі күні бүгінге дейін пайдаланылмай тұр, - дейді Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев.
Депутаттардың айтуынша, бұл ретте тек төтенше жағдай жариялаумен шектелмей, жем-шөпке берілетін субсидия мөлшерін де арттыру керек. Сондай-ақ әрбір өлген мал басы санын да қайта нақтылау керектігін айтады. Ал маңғыстаулық шаруалар осы жолы биліктен тұщымды жауап ала алмаса, облыста наразылық шеруіне шығатынын мәлімдеді.