×

Қазақстан байлығының тең жартысына 162 адам иелік етеді - Тоқаев

Президент еліміздегі ірі бизнесмендермен кездесті

 Ербол Тұрымбет 21.01.2022 | 13:37

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде елдегі тереңдеп кеткен әлеуметтік теңсіздік туралы айтты.

Халықаралық сарапшылар, атап айтқанда, KPMG Қазақстан байлығының тең жартысына бар-жоғы 162 адам иелік етеді деп мәлімдеді. Сонымен қатар халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды немесе жылына 1300 доллардан сәл ғана асады. Мұндай ақшаға өмір сүру мүмкін емес. Тез арада жағдайды өзгерту керек және көп нәрсе сіздерге байланысты, құрметті кәсіпкерлер, - деп мәлімдеді ол.

Ел президенті бизнесті монополиялау туралы да сөз етті. Президенттің пікірінше, Қазақстандағы олигополия – бұл ел экономикасын әртараптандыруға емес, бір қолда бизнесті әртараптандыруға деген тұрақты ұмтылыс.

Бизнесті монополиялау – жақсы емес. Бұл қоғамдық депрессияға, елге сенімсіздікке әкеліп соқтырады. Халықтың көкейінде неліктен бизнестің барлық түрі бір қолда деген сұрақ бар. Гегелді Бабелмен шатастыратындар бар, арнайы білімі жоқ, бірақ олардың қолында орасан зор бизнес бар. Арнайы курстарды бітірген білімді адамдар бизнес көздері мен ресурстарына қол жеткізе алмайды, - деді Тоқаев.

Одан бөлек, кездесуде елімізде белгілі бір элиталық топтар ғана экономикалық өсімнің пайдасын көріп отырғаны айтылды.

Біздің елімізде белгілі бір элиталық топтар ғана экономикалық өсімнің пайдасын көріп отыр. Ал халықтың басым бөлігінің табысы төмендеп келеді немесе еш өзгеріссіз қалды. Бұл мемлекетіміздің қауіпсіздігіне төнген үлкен қатер. Бұның бәрі қоғамның экономикалық-әлеуметтік, артынан саяси жағынан қақ бөлінуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Осындай дағдарыстың алғашқы белгілері көріне бастады, - деді Тоқаев кәсіпкерлермен өткен кездесуде.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама