×

«Өлуім керек екен...». Қос аяғынан айырылған елордалық BAZIS-A компаниясын сотқа берді

Арман Еспаев алты жылдан бері азаппен өмір сүріп келеді

 Айнұр Шошаева 27.06.2022 | 11:20

Елорда тұрғыны бірнеше жылдан бері BAZIS-A компаниясынан жұмыс кезінде алған өндірістік жарақаттың өтемақысын толық көлемде ала алмай жүр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Елорда тұрғыны Арман Еспаев 2016 жылы «Базис-А» компаниясында құрылысшы болып жұмыс істеген. Ұлттық хореография академиясы ғимаратының төбесін жауып жатқанда биіктіктен құлап, нәтижесінде сал болып, екі аяғын кесіп тастаған.

«Өндірістік жарақат деп таныды. Алдында 40 пайыз кінә менен, 60 пайызға компания кінәлі деп шешті. Кейін біз сотқа беріп, 100 пайыз компания кінәлі екенін дәлелдедік. Сот шешімі шықты. Жұмыс кезінде алған жарақат болса да, компания тарапынан ешқандай көмек болған жоқ. 2-3 жылдай жатып қалдым. Сол кезде бір тиын өтемақы бермеді. Адвокат жалдағанннан кейін ол жүгіріп жүріп, тиісті ақшаны өндіріп алып беріп келеді. Әлі де өндіріп жатырмыз. Қазір компания маған ай сайын тек апатқа дейінгі менің айлығымды - 130 мың теңге төлеп жатыр. Бірақ ол аз, пәтер ақысынан арылмайды. Себебі 130 мың теңгеге пәтер жалдап тұрамын», - деді Арман Еспаев.

Оның айтуынша, құрылыс компаниясы кез келген төлемді тек сот шешімі арқылы ғана төлеп келеді.

«Біз емнің ақысын төлету үшін оларға чек апарып тапсыруымыз керек. Алдын ала бермейді. Үш жылдан бері төлемдерді әлі күнге дейін төлемеді. Үш жыл бұрынғы чектегі жазулар өшіп жатыр. Қағаз ескірмей тұрмайды ғой. Қазір әйелім ғана жұмыс істейді. Мен үйде жатырмын, өзімді күтетін адам керек. Ал келіншегім мені күтіп үйде отырса, бізді кім асырайды? Күтушінің ақысын төлету үшін компанияны сотқа бердік, соның өзінде төлеуден бас тартып отыр», - деп қосты ол.

Ол мемлекеттен беретін жәрдемақы массаж бен биологиялық белсенді қоспалардан аспайтынын айтады. Жеті жылдан бері төсек тартып жатқандықтан, үнемі массаж курсын алып тұру керек.

«Үйге өзім ақшасын төлеп шақырамын. Өйткені мемлекеттік ұйымдардың мамандарын айлап күтуге тура келеді. Жекеменшік мамандар чек бере алмайды, ал ол чексіз мен өтемақы ала алмаймын. Мемлекет беретін жәрдемақы сол процедуралардан аспайды. Биліктен басқа көмек жоқ. Мүгедек ретінде пәтер кезегіне тұрған едік. Үш жыл қалада тіркеу болу керек деген талап бар. Тіркеуге үш жыл толған соң барсақ, «жалақыңыз шекті сомадан асып кетеді, сізге үй берілмейді» деп қайтарды. Біздің мемлекет осындай», - деді зардап шегуші.

Қазір Еспаев өтемақы ретінде пәтер берілуін талап етіп BAZIS-A компаниясын сотқа берді.

«Білдей бір үлкен құрылыс компаниясы, неге олай істеп отырғандарын білмеймін. Олар үшін тиын ғана. Астанада қай жерге барсаң да BAZIS-A салған үйлер мен ғимараттарын көресіз. Адам өлсе ғана береді дейді. Мен тікелей басшыларым болған азаматтарға да айттым. «Өлуім керек пе, жағдайымды көріп тұрсыздар» деп айттым да, жаздым да. «Сөйлесейік, мен ештеңе шеше алмаймын ғой. Беловичпен сөйлесейік» дейді. Қанша жыл болды, нәтиже жоқ. Компанияның адвокаты менің адвокатыма «егер пәтер берсек, ертең бәрі терезеден секіре беретін болады» депті. Қазір соттасып жатырмыз», - деп толықтырды Арман Еспаев.

Қазір «Арман қаладағы» жекеменшік оңалту орталығына ем қабылдап жатыр. Айтуынша, компания емнің тек бір айлық шығынын өтеуге келіскен.

«Құрылыстағы жігіттерге рахмет. Көңілімді сұрап келіп тұрады. Жуыну керек, басқа да қажеттіліктерім бар. Соларға айтып шақыра қоямын, «жоқ» демейді. Одан бөлек, астанада сыныптастарым бар, үнемі қолдап отыратын. Әйелім жаны қалмай күтеді. Тастап кетпегені үшін оған рахмет айтамын. Басқа біреу болса кетіп қалар ма еді. Тірі жүргенім соның арқасы шығар. Протез салдыру үшін аяқтарымды қозғалта білуім керек. Мен қозғалта алмаймын. Әйтпесе Петропавлда протез салатын жер бар. Құдайдың жазғаны, әлі жазылып тойда билеймін деген үміт бар. Жазылып, протез салдырған соң бірнеше 2- 3 күн үйге кірмей далада жүрер едім. Жүргім келеді!», - деп түйіндеді Арман Еспаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама