Психолог ішімдікке тәуелді азаматтарды қалай құтқаруға болатынын айтты
Елордалық Нұрлан 9 жылдан бері бойын ащы суға жеңдірген. «Басқалар ішімдік ішсе, үйіне қайтады. Ал маған үнемі бірдеңе жетпей тұрады, құлап қалғанша ішемін» дейді ол. Жауапкершілікті ұмытқан. Үлкендердің демеуімен мемлекеттік қызмет саласында жалақысы жоғары жұмыстарға да орналасыпты. Десе де оны да ішкілікке айырбастаған. Halyq Uni тілшісі қалалық Психикалық денсаулық орталығына арнайы барып, созылмалы алкоголизмге душар болғандармен тілдесіп қайтты.
«МҮМКІН ҮЙЛЕНГЕН СОҢ ІШУДІ ҚОЯРМЫН»
Анасы мен бауыры Нұрлан үшін 3 жыл бұрын Екібастұздан астанаға көшіп келген. Себебі кішкентай қалада әрбір екінші адам – танысы, ондай жерде ішпей жүру мүмкін емес екен.
«Астанада жаңа жұмысқа кірдім. Шамалы уақыт өткен соң отырыстар басталды. Сонымен ішуім қайта басталды. Қыста ішіп жүріп қаңғыбастық өмірге де бейімделгенім бар. Арақ сатып алу үшін қайыр сұраған кезім болды. Сөйтіп жүргенде апам келіп, ішкілікке салынғандарды емдеу орталығына апарды», дейді ол.
Арақтан ажырату жолында туғандары ақшасын аямапты. Орталықтағы еміне 18 миллион теңгеден аса қаржы жұмсалған. Бірақ нәтиже көңіл көншітпейді. Мәселе емдеу орталығында емес, отбасындағы қарым-қатынаста, дейді Нұрлан.
«Үйге келсем, «неге көзің қызарып тұр?» деп сұрақтың астына алады. Қит етсе, күдіктеніп шығады. 1-2 сағат жұмыста бөгеліп жатсам, қайта-қайта хабарласады. Соның бәрі іште жинала береді. Бір күні жарыласың да, ішіп кетесің. Мен отбасыммен дұрыс сөйлесе алмаймын. Ауыр сөз көтере алмаймын. Анам қаржыдан қиналмайды. Әкем бар, бірақ жас кезімде айырылысып кеткен. Мүмкін үйленгеннен кейін жауапкершілікті сезініп, ішуді тоқтатармын деп ойлаймын», деп түсіндірді ол.
МАСКҮНЕМДІК – ТҰҚЫМ ҚУАЛАЙТЫН ДЕРТ
Бүгінгі таңда психологтың көмегімен ішімдікке салыну себебін іздестіріп жатыр. Ал нарколог-психиатр Тоқтар Қойшыбеков маскүнемдік тұқым қуалайтын дерт екенін айтады.
«Ата-анасы акологольді шамадан тыс ішіп жүрсе, олардың ұрпағы жастайынан араққа қызығып тұрады. Көп ішпесе де, ішімдікке тәуелді болып қалады. Ішетін адамнан сау баланың дүниеге келуі екіталай», дейді Т.Қойшыбеков.
Нұрланның да әкесі кезінде ішімдікке үйір болыпты. Одан бөлек, махаббат машақаты тағы бар. Үйленемін деп жүрген қызын алып қашып кеткен. Бала кезінде әкесі анасына қол жұмсағанын көріп өскен ол бүгінгі күйінің сол бір кездердегі психологиялық жарақаттармен байланысы бар деп топшылайды.
«Дегенмен ішу-ішпеу әр адамның өзіне байланысты ғой. Кейде сырттан бақылау, қысым көп болған кезде ішіп кеткің келеді. Менде бәрі болды. Ақша, көлік, жақсы жұмыс. Бірақ бүгінде көбінен айырылсам да, отбасым менен теріс айналған жоқ. Әскерден үйге оралуыма аз уақыт қалған. Сүйген қызымды біреу алып қашып кетті. Ол қаламын деп шешті. Сонымен 1 ай бойы тоқтаусыз қатты іштім. Өзімді жоғалттым», дейді Нұрлан.
Одан кейінгісі - отбасындағы қиындықтар. Әлеуметтік жағдай мен қоршаған ортаның ықпалы. Психологиялық фактор, жан-жарасын алкоголь арқылы «емдеймін» деп адасады.
СӨЗ КӨТЕРЕ АЛМАЙДЫ, ЖЫЛУЛЫҚ ЖЕТІСПЕЙДІ
Адам ішкен кезде «мені бағаламайды, сыйламайды» деп жанжал шығарады. Төбелеске барады. Нарколог-психиатр Тоқтар Қойшыбековтың айтуынша – бұл ішкіліктің қауіпті сатысы.
«Бастапқы кезде үйде ішетін адамның барын жасырғысы келеді. Бірінші қателік – осы. Емшілерге барады. Олар уақытша ішпеуіне көмектесетін шығар. Бірақ маскүнемдіктен арыла алмайды. Бізге ішкіліктің ең ауыр сатысында келеді. Алкогольден бас тарту - саналы түрде қабылданатын шешім. Бізге келген соң өмір бойына алкогольден бас тартуға тиіс. Емделіп шыққаннан кейін қатарымызға қосылып, әріптесімізге айнала алады», деп толықтырды Тоқтар Қойшыбеков.
Қазақстан ішімдікке тәуелді елдердің арасында ондыққа кіреді. Соның ішінде ішімдіктің жетегінде кеткен жастардың қатары жылдан жылға артып отыр. Жылына аталмыш орталықтан 2,5-3 мыңдай адам алкогольге бағыныштылықтан емделіп шығады. 45 күн бойы жатып емделуіне мүмкіндік бар. Ал егер жұмысым бар десе, күндізгі бөлім қарастырылған. Түскі уақытта емін қабылдай алады. Барлық қызмет ақысыз, жасырын түрде жүргізіледі.