×

«Рақымшылыққа ілігу - 1000 доллар». Үш рет сотталған елордалық бұрын басшылық қызметтер атқарған

Адамдарды әлеуметке қосу орталығындағы үш тағдыр жайлы

 Наима Нұрәлі 21.06.2022 | 15:16

Бірі үш рет түрмеде отырып шыққан, бірі – еш құжаты жоқ Украина азаматы, тағы бірі – жоқшылық салдарынан ішімдіктің соңынан кеткен мүгедектігі бар жан. Үшеуіне ортақ дүние – үйсіздік, күйсіздік, қаңғыбастық. Үйсіз-күйсіз қалған үшеу қазір қиын жағдайға тап болған адамдарды әлеуметке қосу орталығын паналап жүр. Halyq Uni тілшісі сол орталыққа барып, «бомж» болудан саналы түрде бас тартқандардың жағдайын біліп қайтты.

«1000 ДОЛЛАР БЕРСЕҢ, ЖЫЛЫҢДЫ АЗАЙТАДЫ»

Елордалық Болат Қайдаров үш рет сотталып шыққан азамат. Алғашында 3 жылға, кейін 8 жылға, соңғы рет сотталғанда 9 жылға бас бостандығынан айырылыпты. Кезінде басшылық қызметтерде де болған. Ал қазіргі күйіне күле қарайтын сыныптастарының әрекеті жанына қатты бататынын айтады.

Ұрлықпен сотталдым. Жеңіл ақшаға үйреніп қаласың. Бірақ ешқайсының берекесі болмады. Үстіңнен біреу күлгенмен не істей аласың? Өткенімді өзгерте алмаймын. Бірақ кеш болса да, жаңа өмір бастауға шешім қабылдадым, - дейді ол.

Болат түрмеден мерзімін бұрын босап шыққан. Айтуынша, жаза мерзімін қысқарту үшін, рақымшылыққа ілігу үшін қаражатты аямау керек. Жаза мерзімін бір жылға қысқарту құны 1000 доллар екен.

«Әрбірінің өз бағасы бар. Ақшаны ең басында тұрған басшыға бересің. Әрине, заңсыз жолмен. Олар мақтау қағазды өкіртеді. Сол бойынша босап шығасың. Мен рақымшылыққа іліндім», - деп түсіндірді Б.Хайдаров.

«УКРАИНАҒА ҚАЙТҚЫМ КЕЛЕДІ»

Украинадан Қазақстанға жұмыс істеу мақсатында келіп, қалып қойған Мирослав Сарвас қазір елінде болып жатқан жағдайға қатты алаңдайтынын жеткізді. Екі қызы қан майданның ортасында қалған. Ол алдағы уақытта орталық арқылы елордадағы қарттар үйіне ауыстырылады. Бірақ оның бар ойы – Украинаға оралып, балаларымен қауышу.

Қалай баратынымды білмеймін. Балаларымның өлі, не тірі екені де белгісіз. Орталыққа құжаттарымды түгендеу үшін келгенмін. Қазақстанға қалғанда не істеймін? Еліме оралып, немерелеріммен қауышу – арманым, - дейді Мирослав Сарвас.

Мирослав осы күнге дейін Кеңес Одағы кезіндегі құжатпен жүріпті. Бүгінде Қазақстан азаматтығын алуға арыз берген.

Орталықты паналап жатқан елордалық Ольга Ожиндовскаяның мәселесі одан да ауыр. Мүгедектігі бар, балдақпен жүреді. Ішімдікке салынып кеткен. Күйеуі де (марқұм – авт.) ішімдікке салынып, басындағы баспанасын сатып жіберген.

«Балаларымнан ұяламын. Оларға аяққа тұра алатынымды дәлелдегім келеді. Күйеуім қайтыс болған. Оның да түбіне ішімдік жетті. Мен де содан сабақ алмадым. Ішіп жүріп көшеде қалдым. Мүгедектігіме байланысты жұмыс та істей алмаймын. Осы жерден шыққан соң кейін мүгедектер үйіне, немесе қарттар үйіне барамын», - деді О.Ожиндовская.

ҚАҢҒЫБАСТЫҚ ҚАНЫНА СІҢІП КЕТКЕН

Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығының директоры Самат Топатаевтың айтуынша, қызмет алушыларға қаратып ұнамайтын сөз айтылса, олар бірден құзырлы органдарға шағымданады екен. Себебі әрқайсының тағдыры ауыр. Ауыр сөз көтере алмайды. Егер дөрекі мінез көрсетіп, ішімдік ішсе, орталықтан шығарылады екен.

«2001 жылдан бастап қызмет көрсетеміз. Орталықта қазір 85 адам тұрады: ер адамдар - 76, әйелдер – 9. Алтауының мүгедектігі бар. Түрмеден кейін жұмыс таба алмай салы суға кеткендер де көп. Күндізге бөлімде бір жылға дейін тұруына болады. Кейбір кісілерге ұнайды. Енді бірі 10 күн жатады да, қайта қаңғыбас күніне оралады. Өйткені жауапкершіліктен қашады», дейді орталық директоры.

Жуынатын бөлме, тегін тамақ, таза төсек-орын. Кейде орталықты паналаған жандар осындай жайлы орыннан бас тартып, үйсіз-күйсіз өміріне қайта оралады екен.

Орталықтағы азаматтардың бірнешеуімен тілдестік. Көбі түрмеден шыққан, мүгедектігі бар, жетімдер. Бәрі өткен өмірі үшін өкінеді.

Орталық елордадағы Чехоев көшесі, 14 А мекенжайында орналасқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама