×

«Жылда туатын қоянсың ба?». Жетісу облысында үшемнің анасы жеке үйі болғанын армандайды

Балпық би ауылында бір үйде 12 адам тұрып жатыр

 Халық үні 16.06.2022 | 10:15

Былтыр үшемді дүниеге әкелген Жетісулық Ардагүл Әскербек сәбилері жиі ауыратынын айтады. Оған дымқыл тартып тұратын баспанасы әсер етіп жатқан көрінеді. Айтуынша, бір үйде 12 адам тұрып жатыр. Ата-енесі, бір баласымен қайын сіңлісі (күйеуі қайтыс болған), өзі, күйеуі және алты баласы бар. Барлығының жалғыз асыраушысы – үшемдердің әкесі.

Ардагүл Әскербек – Жетісу (бұрыңғы Алматы) облысы Көксу ауданы Балпық би ауылында тұрады. Жасы 25-те, көпбалалы ана. 2021 жылдың 25 қазанында Гүлсая, Нұрсая, Нұрсила атты үшемдерді дүниеге әкеліп, көпбалалы ана атанған. Үшемдердің дүниеге келгеніне қазір 8 айға жақындап қалды. Үлкен баласы алтыда, одан кейінгісі төрт және екі жаста.

«Алатау» қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеп, бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан.

«Үшемдерді өзім үшін тудым, бірақ осыншалықты қиналып қалатынымды ойламаппын, ойлаған күннің өзінде құрсағымда үшем бар деп баспанаға кезекке тұра алмаймын ғой. Босанған соң кезекке тұрдық, бірақ кезек келіп болғанша, қиналып кететін болдық. Үшемдерім туғаннан кейін қырқынан шықпай жатып пневмониямен ауырып қалды, сонда дәрігерлер үйді көріп шошып кеткені бар. Қыста бұл үй қатты дымқыл тартады, соның кесірінен қазір де үшемдер жөтеліп қала береді», - дейді Ардагүл.

Одан бөлек, үшемдердің бірінің басында гемангиом бар, оны ай сайын Алматы қаласына барып емдетеді екен. Анасының айтуынша, емге бір барғанда 50 000 теңге қаражат жұмсайды.

Әкімшілік балалардың сүтін алып беріп отыр, кәсіпкерлер 100 000 теңге беріп ақшалай көмектескен, сол ақшаға үйдің сыртын жылылап шықтық, - дейді ол.

Зейнет жасындағы қариялар үйдегі балаларға қарауға көмектеседі. Күн сайынғы азық-түлік, үшемдердің жөргегі, дәрігерге барып-келу сынды шығындар үйдегі отағасының мойнында. Бір адамның тапқан табысымен үй алу мүмкін еместігін айтқан Ардагүл баспана мәселесін шешіп беруді сұрап отыр.

«Үшемдерім ауырып қалып ауруханада жатқанда біздің жағдайымыз туралы баспасөзде көп жазылды. Бірақ адамдар: «Баланы туғанда ойланбайсың ба?», «Жылда туа беретін қоянсың ба?», «Үкімет үшін тудың ба?» деп жазды. Бұл шала туған балаларым шырылдап жылап, ауырып жатқан кезде маған қатты соққы болды. Қатты қиналдым. Мен үкімет үшін тумаймын. Әркім өзі үшін өмір сүреді. Мен де өзім үшін тудым және өзім үшін өмір сүремін. Бірақ жағдайымыз, көмек сұрауға мәжбүр етіп тұр. Себебі, үшемдерімді ойлап қорқамын. Тағы да дымқыл тартып, балаларымның салқын баспанада қиналғанын қаламаймын», дейді Ардагүл.

Шынаргүл ОҢАШБАЙ, Жетісу облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама