Halyq Uni логотип
×

«Көкірек көзі бітеу болмаса ойлануы керек». Депутат Қорғаныс министріне айтқан сынын түсіндірді

«AQ сөйле» жобасының кезекті қонағы - Аманжол Әлтаев

 Ербол Тұрымбет 12.06.2022 | 22:05

Айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев Halyq Uni сайтының Youtube арнасына берген сұқбатында бұдан былай отарлық санамен өмір сүре беруге болмайтынын айтып, «ескіліктен» құтылай алмай жүрген Парламент пен мемлекеттік институттарға қаратып пікірін айтты.

Бұған дейін депутат «Патриот болу үшін қазақ тілін жетік білу маңызды емес» деген уәж айтқан Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың сөзін сынға алған еді.

«Министрдің жеке басына, азаматтығына ешқандай қарсылығым жоқ. Ол кісі жақсы адам шығар. Бірақ оның артында мемлекеттің бүкіл әскері тұр. Соған қарап басқалар бой түзейді. Сондықтан жүз адамның ортасында біреуі басқа ұлт болса, біз соның көңіліне қарап сол тілде сөйлеуіміз керек деген министрдің айтатын сөзі емес», - дейді ақын.

Депутаттың айтуынша, министрдің сол сөзі жанына қатты батқан, сол үшін пікірін ашық айтқан.

«Ойлану керек шығар деймін. Қорытынды шығару жеке азаматтық түсінігіне байланысты ғой. Дегенмен, үлкен резонанс туғызды. Әлеуметтік желіде кәдімгідей талқыланды, айтылды. Енді көкірек көзі бітеу болмаса, қорытынды түйіп, ойлануы керек. Қазақта сөз бар, «халық қаласа, хан түйесін сояды». Халық оған ащы сын-пікірін айтып жатса, бой түзеу оның азамат ретінде міндеті деп ойлаймын», - дейді айтыскер.

Аманжол Әлтаев Қорғаныс министріне репетитор жалдауға, қазақша кітап оқуға, отбасында қазақша сөйлесуге кеңес берген еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама