Қазақстанның жаңа премьер-министрі тағайындалды
5 қаңтарда Президент елдегі жаппай тәртіпсіздікке байланысты Үкімет отставкасын қабылдап, премьер-министр міндетін уақытша атқаруды Әлихан Смайыловқа жүктеген болатын
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысына қатысып, Қазақстанның жаңа премьер-министрінің кандидатурасын – Әлихан Смайыловты ұсынды. Дауыс беру аяқталып, Смайыловтың кандидатурасы мақұлданды. Қазір үкіметтің жаңа басшысы сөз сөйлеп, алдағы жоспарларын бөлісіп жатыр.
ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ
1972 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.
1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «қолданбалы математика» мамандығы бойынша тәмамдаған.
1996 жылы Президент жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының мемлекеттік басқару магистрі дәрежесіне ие болды.
1993-1999 жылдары — «А-Инвест» инвестициялық-жекешелендіру қорының бас маманы; бөлім басшысының орынбасары, Ұлттық статистика агенттігінің басқарма басшысы; Статистикалық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары; бас сарапшы, экономика секторының меңгерушісі, Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет атқарған.
1999-2003 жж. — Статистика агенттігінің төрағасы.
2003-2006 жж. — Сыртқы істер вице-министрі, «Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы.
2006-2009 жж. — Қаржы вице-министрі, «ҚазАгро» ҰБХ президенті.
2009-2014 жж. — Статистика агенттігінің төрағасы.
2014-2015 жж. — Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитет төрағасы.
2015-2018 жж. — Президент көмекшісі.
2018 жылғы қыркүйектен бастап 2019 жылғы ақпанға дейін — Қаржы министрі.
2019 жылғы 25 ақпанда Президент жарлығымен премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі қызметіне тағайындалды.
2021 жылғы 18 қаңтарда Президент жарлығымен осы қызметіне қайта тағайындалды.