Науқастың ұлына туыстары «дайындала бер» деп ескертеді екен
Елорда тұрғыны Серік Көлдеев алты айдан бері науқас анасын ауруханаға жатқыза алмай жүргенін айтып шағымданды. Жарты жылдан бері үйінде өз бетінше емделіп жатқан анасы 30 келі салмақ тастаған. Halyq Uni тілшісі Серік Көлдеевтің өтініші бойынша төсек тартып жатқан анасының жағдайын көзбен көріп қайтты.
Серіктің айтуынша, анасы Қайыр Көлдеева астанаға бір жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысынан келген. Қалалық емханалар медициналық сақтандыру мен тіркеусіз қабылдамаған соң, бастапқыда жекеменшік клиникаға апарып, тексеруден өткен.
«Бірақ жекеменшік медициналық орталықтардың бағасы қымбат. Бір ай ғана бардық. Кейін Чугункадағы «Достық» медицина орталығына тіркедік. Асқазан жарасы деген диагноз қойды. Соңғы жарты жылда ауруы асқынып кетті. Әсіресе, соңғы үш айда тамақ ішуден қалды. Барлық тамақты езіп береміз, соның өзінде ішкен тамағын құсып тастайды. Әр 15 минут сайын лоқсып құса береді. Қаңтардан бері 30 келіге жуық салмақ тастады. Қазір бар салмағы 25 келі ғана», - дейді Серік Көлдеев.
Серік Көлдеев жүргізуші болып жұмыс істегенін айтады. Анасын емханаға тасу үшін жиі сұрана бергендіктен, жұмыстан шығуға тура келген.
Қазір таксист болып ақша табамын. Күнделікті тапқан ақшама дәрі-дәрмек әкелемін. Күн сайын 5-10 мың теңге дәрі пен система алуға кетеді. Ақша қалай емдейміз, соған байланысты кетеді. Келіншегім күндіз-түні анамды күтеді. Қайын енем система сала алады. Ол болмаса, система үшін қаншама ақша кететін еді. Кейде өзім күндіз қасында отырамын, кейде жатамын. Жанында екенімді біліп, қуат алсын деймін, - деп қосты ол.
Анасының денсаулығы үшін алаңдаған Серік Көлдеев медициналық мекемелердің жұмысын сынға алды. Шақырту бойынша келген жедел жәрдем қызметі науқасты ауруханаға әкетуден үнемі бас тартады екен.
«Жедел жәрдемді жиі шақыратын едік. Қазір шақырмайтын болдық. Өйткені олар келгенімен түк істемейді. Ауруханаға апарып жатқызбайды. Аман ғой, емханаға барып емделу керек дейді. Оған анам өздігінен жүре алмайды. «Қан құсып жатса әкетеміз» дейді. Сондықтан дәрігердің жазып берген дәрілерін беріп, үйде емдеп жатырмыз. Дәрігерлерге айтқым келетіні: науқастарға бұлай жауапсыз қарауға болмайды. Басқа елде дәрігерлер дұрыс қарайды, бізде науқастарға деген көзқарас дұрыс емес. Өздігінен жүре алмайтын анам емханаға қалай барады? Сондықтан жазып берген дәрілерін салып жатырмыз», - дейді ұлы.
Серік анасын ауруханаға жатқызып, дұрыс ем алса дертінен айығып кететініне сенеді. Ол БАҚ арқылы жасаған үндеуіне тиісті мекемелер құлақ асып, анасына қажетті ем-дом көрсетеді деп үміттенеді.
«Бастапқыда тамағы ғана ауырды. Мән бермедік. Кейін асқындырып алдық. Уақыт өткізіп алғанымызды түсіндім. Мемлекеттің дәрігерлерінен көмек болмаған соң, халық емшісіне бардық. Бірақ ол сауығу адамның өзіне байланысты екенін айтты. Туыстарым «дайындала бер» дейді. Бірақ мен оны қабылдағым келмейді. Менің бар сұрайтыным, анамды ауруханаға жатқызып, толық тексеруден өткізіп, емдесе екен. Басқа ештеңе сұрамаймын», - деп қорытындылады ол.