Керей мен Жәнібек хандар көшесінде орналасқан тұрғын үй кешенінде 605 пәтер бар
Биыл 1 шілдеден бастап Қазақстанда тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығындағы ПИК-тер жойылып, оның орнын мүлік иелерінің бірлестіктері (ОСИ) және қарапайым серіктестіктер алмастырады. Алайда елдегі тұрғын үйлердің жартысына жуығы заң талабы бойынша жұмыс істеуге әлі дайын емес.
Мәселен, елорда орталығында орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындары ОСИ құрып үлгеріпті. Бірақ тұрғындар үйдің апатты жағдайда тұрғанын айтып, жергілікті биліктен көмек сұрайды.
«24 мамырда Әділет министрлігінде тіркелдік. Керей мен Жәнібек хандар көшесінде орналасқан біздің №9 үйіміз 2007 жылы пайдалануға берілді. 15 жылдан бері үйіміз бұзылып жатыр. Елорданың қақ ортасында сол жағалауда орналасқанбыз. Бірақ үйдің сырты мен ішіне қарасаңыз, бомба түскен үй сияқты. Біз коммулдық төлемдерді уақытында төлеп келеміз. Біздің үйімізде 605 пәтер бар. Алайда ақшаның қайда кеткенін білмейміз. МИБ-қа дейін «ООГДК» деген ұйым болған. Үйдің бүгінгі жағдайына көп адамның көңілі толмайды», - дейді «Грандкомплекс 92022» МИБ (ОСИ) төрайымы Бибігүл Ниязова.
«Үйіміз елорданың төрінде орналасқан. Оның сол жағында «Ұлы дала – жүрегі» деген жазу тұр. Үйіміз сол сөзге сәйкес болуы керек деп ойлаймын. Үйдің қабырғасындағы плиталар түсіп, құлап жатыр. Ертең жел соқса, өте қорқынышты. Оның жанынан өтіп бара жатқан үлкен кісілер мен балалардың басына плиталар түсіп кетуі мүмкін», - дейді Ләзат Жүнісова есімді тұрғын.