Halyq Uni логотип
×

«Су сасып, маса қаптады»: әкімдік уәде берген Кіші Талдыкөлдегі экопарк құрылысы әлі басталмай тұр

Бастапқы жоспарда жоба 2025 жылдың жазында аяқталуы керек болған

 Ербол Тұрымбет 24.07.2024 | 17:05

Астанада Кіші Талдыкөлде экопарк салынады деген әкімдіктің уәдесі әлі орындалмай отыр. Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының жауабына қарағанда, Сығанақ, Қазыбек би және Роза Бағланова көшелерінің қиылысында, сонымен қатар Ұлы дала мен Роза Бағланова көшелерінің қиылысында екі «рекреациялық аймақтың» жобалық-сметалық құжаттары мен эскиздік жобалары әзірленіп жатыр. Жобалар Кіші Талдыкөлдің №5 және №7 аумақтарын сақтауға, тұрғындардың демалысы мен бос уақытын өткізуге қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Қазіргі күйінде Кіші Талдыкөл маңайдағы тұрғындардың мазасын алып тұр. Төмпешік боп үйілген топырақ, тасталған қоқыс, одан арғы лас су балалар үшін үлкен қауіп. Сол үшін тұрғындар экопарктің салынғанын қалайды.

Жағасындағы топырақты былтыр келіп төккен. Енді балаларымызға терезеден қарап, алаңдап отырамыз. Одан асып, әрі қарай суға кетіп қалса, тіпті қорқамыз. Кешқұрым маса қаптайды. Одан қалды, судан сасық иіс келеді, - дейді сол жердің тұрғыны Айдос Құлназаров.

Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының зерттеуінше, Нұра мен Есіл өзендерінің арасындағы ландшафт төмендеуінен пайда болған Үлкен және Кіші Талдыкөл, Тассуат, Үлмес көлдері болып – бәрі бір көлдер жүйесін құрайды. Олардың жасы шамамен 13 мың жыл.

Көлдер аумағында 172 құс түрі байқалған. Арасында бұйра бірқазан, ақбас үйрек, аққу, аққұйрық бүркітке дейін бар. Дегенмен, құс түрі 200-ден асуы мүмкін.

Жоба құны деп әуелде 5,3 млрд теңге деген мәлімет айтылған. Онда 25,7 гектар жерге жасыл желек отырғызып, жаяу жүруге арналған жол салу, шағын сәулет нысандарын орнату, су бетін сақтау шаралары қарастырылған еді.

Соңғы жауап бойынша Үлкен Талдыкөлдегі жұмыстың болжамды құны жоба мақұладанғаннан кейін белгілі болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама