Медициналық туризмнің әлеуеті. Астанада 5 жұлдызды қонақүй аз. Елордаға қай елдерден турист көп келеді?

Гүлбаршын Нұрхан

Астанада 257 қонақүй бар: бесжұлдызды қонақүйлер саны – 8, төртжұлдызды қонақүй саны – 11 

коллаж: Halyq Uni4

Астана қаласы туризмді дамыту бөлімінің басшысы Тілеужан Өмірұзақтың айтуынша, 2023 жылы елордаға келген туристер саны – 1,3 млн. Ал туристердің басым бөлігі еліміздің түрлі өңірінен келген қазақстандықтар.

2022 жылы Астанаға 1 178 000 адам келген: оның ішінде қазақстандықтар да, шетелдіктер де бар. 2023 жылы 1 324 000 турист келген: оның 287 мыңы шетелдіктер.

Жалпы біз бұл деректі қонақүйде тұрған туристер есебінен алдық. Жалпы, туристердің саны одан да көп болуы мүмкін. Астанаға келетін шетелдік туристердің дені мына бес мемлекеттен: Ресей, Түркия, Өзбекстан, АҚШ, Германия. Бұл елдерден туристер жиі келеді, - дейді бөлім басшысы.

Астана қаласында жүрген шетелдік туристердің бірі қала ұнап жатқанын, қонақжайлылық пен қызмет көрсету сапасы көңілінен шығатынын айтты.

Қала өте таза әрі әдемі екен. Адамдары да қонақжай екен. Ауа райы да ұнап жатыр. Біз Қазақстанға екінші рет келдік. Маған тағамдар қатты ұнады, - дейді Мәскеуден келген турист.

АСТАНАДАҒЫ ТУРИСТІК ПОЛИЦИЯНЫҢ ҚЫЗМЕТІ

Ел астанасына алғаш рет табаны тиген туристер түрлі мәселеге тап болады екен. Ондай жағдайда қала меймандары туристік полицияға жүгіне алады. Астана қаласы полиция департаменті патрульдік полиция полькінің туристерге қызмет көрсет взводының аға инспекторы Өнербек Жеңістің айтуынша, туристік полицияның қызметіне күніне 60-70 адам жүгінеді екен. 

«Шамамен күніне 60-70 турист бізге келіп өтінішін айтады. Олардың көбі Астанаға бірінші рет келгендіктен, қонақүй, көлік, көші-қон мәселесіне қатысты сұрақтармен жүгінеді. Біз барлық ақпаратты қазақ және шет тілдерінде бере аламыз. Бізде жұмыс істейтін қызметкерлер бірнеше тілді меңгерген. Көбіне ағылшын, қытай, француз, түрік, тәжік тілдерінде қызмет көрсетіп жатырмыз.

Туристік полиция қызметі «Бәйтерек» монументі, «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы, ЭКСПО, Пирамида секілді халық көп келетін ғимараттарда орналасқан. Біз түрлі мәселеге тап болған туристерге жылдам көмек көрсете аламыз», - дейді Өнербек Жеңіс.

Астанаға бірінші рет келген шетелдік туристердің дені Қазақстанның заңдары мен талаптарын білмегендіктен, тәртіп бұзуы мүмкін. Тіпті, кей өңірлерден келген қазақстандықтар да қаладағы кейбір ережелерді білмеуі мүмкін.

Астанаға келген қонақтар қоқыс тастау, түкіру секілді ұсақ бұзақылықтар жасайды. Самокат пайдаланғанда да арнайы қорғаныш құралдарын пайдаланбайды. Осыған байланысты түсіндіру, ескерту жұмыстарын жүргіземіз. Қоғамдық орындарды ластамау, еліміздің заңына бағыну секілді бағыттарда жұмыс істейміз, - дейді туристік полиция қызметкері.

АСТАНАҒА КЕЛГЕН АДАМ ҚАНДАЙ ЖЕРЛЕРГЕ БАРУЫ КЕРЕК

Астана қаласына келген қонақтарды көрікті жерлерге апарып, қаланы аралатын Ернұр Жұмабектің (гид) айтуынша, елордада қыдыратын жерлер өте көп. Оның айтуынша, Астанаға алғаш келген адам алдымен бас мешітке барғаны дұрыс.

Елнұр Жұмабек туристер үшін арнайы бағдарлама құрып, сол бойынша қаланы аралатынын айтты. Ол алдымен мегаполис қонақтарымен танысып, олардың қызығушылығын анықтап алады. Содан кейін қаланың көрікті жерлерін көрсетеді. Ал шетелдіктерді ұлттық құндылықтарымыз дәріптелетін ресторандар мен мұражайларға апарып, елімздің қонақжай екенін танытуға тырысады.

«Астанаға ең алғаш келген адам астананың ең керемет жері – Азиядағы ең үлкен Бас мешітке баруы керек деп айтар едім. Сол жерден бастап қаланың орталық саябақтарын, әдемі ғимараттарын араласа болады.

Қаланың ішінен бөлек, қала сыртындағы ерекше орындар мен әдемі табиғатты да тамашалауға болады. Астана қаласының маңайы әсем табиғатқа бай. Бурабай, Баянауыл, Зеренді секілді көрікті жерлерді міндетті түрде көруі керек.

Сондай-ақ қала маңында тарихи маңызы бар аймақтар да бар. Мәселен, АЛЖИР-ге барып, тарихи оқиғаларды көріп қайтуға болады», - дейді Ернұр Жұмабек.

ТУРИЗМ САЛАСЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕ

Астанадағы туризм саласында кездесетін мәселелер де жоқ емес. Соның бірі қонақүйлерге байланысты. Қалалық туризмді дамыту бөлімінің басшысы Тілеужан Өмірұзақтың айтуынша, елорданың өзінде 4,5 жұлдызды қонақүйлер жетіспейді екен.

«Астанада 4 және 5 жұлдызды қонақүйлердің жетіспеу мәселесі бар. Өйткені туристер тарапынан осындай санаттағы қонақүйлерге сұраныс көп. Жалпы, Астана қаласында 257 қонақүй бар. Оның ішінде бесжұлдызды қонақүйлер саны – 8. Ал төртжұлдызды 11 қонақүй бар», - дейді Тілеужан Өмірұзақ.

Туризмді дамыту бөлімі алдағы уақытта Астанадағы туризм саласын 3 бағытта дамытуды жоспарлап отыр:

  • Мәдени іс-шаралар;
  • Іскерлік бағыт;
  • Медициналық туризм.

«Медициналық туризм бойынша Астананың әлеуеті зор. Қалада GSI аккредитациясын алған клиникалар орналасқан. Мұндай орталықтың саны Қазақстан бойынша 9 болса, оның 7-еуі елордада. Сондықтан бұл бағытта мүмкіндігіміз өте мол. Сондай-ақ Астана қаласында тіс емдеу бағытына сұраныс көп. Сол себепті біз Астанада медициналық туризмді дамытуға қызығушылық танытып, осы бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз», - дейді Тілеужан Өмірұзақ.