Қоқыс құрсауындағы қала. Елорда айналасы күресінге айналды. Арнайы репортаж
Биыл рұқсатсыз қоқыс төккендерге 4,3 млн теңге айыппұл салынған
Астанада құрылыс қалдықтары қаланың айналасын күл-қоқысқа айналдырып барады. Әсіресе, жол бойына жағалай төгілген құрылыс қалдықтары Нұра ауданына қарасты Шыңғыс Айтматов пен Хусейн бен Талал көшелерінің бойында көп. Бақылаусыз жатқан бос жерге кім көрінген келіп қоқыс қалдықтарын төге берген. Қала шетіндегі көшелермен жүрген адам осындай көрініске жиі тап болдаы. «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» деген, бас қаламыздың кейпі осындай болса, қалған қалалардың жағдайы нешік?
Қоқыс мәселесіне келгенде Хусейн бен Талал көшесі «көш бастап» тұр. Көше жиегі қоқысқа толып, жол жиегі күресінге айналған. Егер осылай жалғаса беретін болса Астана қаласының бас мешітінің айналасы қоқысқа толуы мүмкін.
Әсіресе, Президент іс басқармасына қарасты медицина орталығының ауруханасы мен Президент әкімшілігіне қарайтын республикалық Талдау және болжау орталығы, одан әрі қарайғы тұрғын үйлер мен көшеге дейінгі аралықта бордюр сынықтары, асфальт үгінділері, қыш-кірпіш, қапшық пен құрылыстан шыққан басқа да керексіз дүниенің бәрі жатыр.
Тіпті, қоқыс толы көшенің аяқ жағы адам көргісіз. Арнаулы орынға апаруға ерінгендердің бәрі қоқысты осында әкеп үйе берген. Қорқынышты фильм түсіруге таптырмас локация. Арагідік жүк көліктері өтеді. Ешкім қоқыс тастап жүргенін мойындағысы келмейді. Ал қоқыс төккендерді ұстау да қиын. Себебі, көбі түнде келіп төгеді. Тиісті органдар шара қолданбаса, қаладағы бос жатқан жерлер қоқыс құрсауында қалуы мүмкін.
Табиғат қорғаушылары ондай заңбұзушылармен үнемі алысып келе жатқанын айтады. «Астана орманы» ЖШС-да 6 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Нұрлан Сыздықбаев төңіректің бәрін қоқыс жайлағанын жасырмады.
Оларды ұстаймыз, қолымызда шара қолданатын құзырет жоқ. Тек заңды белден басқан жағдайларды фото+видеоға түсіріп тиісті органдарға жолдаймыз. Сосын оларға экологиялық полиция айыппұл салады. Мұнда шірімейтін заттар төгіліп жатыр. Қанша жыл өтсе де жата береді. Жел тұрса қоқыстың бәрі орманға ұшып, жасыл желекті де ластайды. Орманның арғы жағында Family village коттедж қалашығы тұр. Ол жақта да осындай жағдай. Шамамыз келгенше орман ішіне төктірмеуге тырысамыз. Бірақ сонда да қоқыс төгіп кететіндер бар, - дейді Нұрлан Сыздықбаев.
Соңғы уақытта жағдайдың ушығып бара жатқанына алаңдаған тұрғындар белсенділік танытып, құзырлы органдарға, қоғамдық ұйымдарға жиі шағымдана бастаған. «Әділдік жолы» РҚБ Астана қаласы филиалының басшысы Дархан Құлжамбеков тиісті органдардың сылбырлығынан жағдай оңалмай тұрғанын мәлімдеді.
«Арыз көп түсіп жатыр. Сол арыздардың негізінде тиісті мемлекеттік органдарға, оның ішінде полицияға хат жолдаймыз. Дегенмен, мемлекеттік органдар тарапынан ешқандай нәтиже жоқ. Біз шыны керек, тек өртті ғана сөндіреміз, фактімен ғана шұғылданамыз, ал оның астарына ешқандай шара қолданып жатқан жоқпыз. Мәселен, Хусейн бен Талал көшесін қаланың төрі деуге де болады. Осы жерге жоқ дегенже бір камера орнатуға да болады ғой. Қоқыс күннен күнге көбейіп барады. Әсіресе, Нұра, Есіл, Алматы аудандарында тау-тау болып үйіліп жатыр», - Дархан Құлжамбеков.
Жалпы, қаладағы құрылыс қалдықтары тек Алаш тасжолында орналасқан экологиялық полигонға ғана төгілуі керек. Ал құрылыс қалдықтарын қаланың кез келген жеріне төгіп жүрген азаматтарға тек айыппұл қарастырылған: жеке тұлғаларға 74 мың, ал заңды тұлғаларға 111 мыңнан 370 мың теңгеге дейін салынады.
Айта кетейік, биыл мамыр айынан бері Әкімшілік кодекстің 505-бабы бойынша 120 жүк көлігі жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 4 млн 300 мың тенге айыппұл арқалаған.