«Грант гарант емес». ҰБТ тапсырған барлық талапкердің видеожазбасы қазан айына дейін тексеріледі
ҰБТ басталғаннан бері 70 мыңнан астам адам тест тапсырды
Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Әбдісатарқызы мен «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов (Ұлттық тестілеу орталығының экс-директоры) Halyq Uni подкастында қонақ болып, ҰБТ төңірегіндегі соңғы өзгерістер жайлы әңгіме қозғады.
ҰБТ-ға дайындықты қашан және қалай бастаған дұрыс? Тест тапсырушы телефон мен «шпаргалка» алып кірген жағдайда не болады? Талапкер орнына бөгде адам кірсе ше? Талапкер жеңіп алған грантынан қандай жағдайда айырылып қалуы мүмкін? Осы және өзге де сұрақтарды әңгімеге арқау етіп, сарапшылар пікірін ортаға салды.
Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Әбдісатарқызының айтуынша, ҰБТ-ны сәтті тапсырып шыққан талапкерлердің кейін ереже бұзғаны анықталса, ол гранттан қағылуы мүмкін.
Айла мен амалдың көмегімен талапкер тестке тыйым салынған заттарды алып кіруі мүмкін. Аудторияда оны сәтті қолданып, көзге түспей тапсырып шықты делік. Алайда ҰТО жанында орналасқан арнайы ахуалды орталық бар. Ол жерде ҰБТ тапсырған барлық талапкердің видеожазбасы 31 қазанға дейін сақталып, қайта тексерістен өтеді. Талдау кезінде талапкердің ереже бұзғаны немесе тыйым салынған затты пайдаланғаны анықталса, сәйкесінше оның нәтижесі жойылады. Ал, егер білім беру грантының иегері болса, ол да грантынан айырылады, - деді Наужан Әбдісатарқызы.
Еске салайық, 31 мамырда Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ-ның аралық қорытындысын жариялады.
Ведомство мәліметінше, негізгі ҰБТ басталғаннан бері 71 мыңға жуық түлек тест тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 71%-ы қазақ тілінде, 29%-ы орыс тілінде, 84 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
Одан бөлек, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл су тасқыны болған өңірлердегі түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуде (ҰБТ) қосымша жеңілдіктер қарастырылғанын айтты.