Мектеп формасы. Оқушы құқығы және зайырлы елдердің тәжірибесі – заңгер Аяжан Ойратова
Халықаралық заңгер мектеп оқушылары мен дінге берік ата-аналар жайында ойын ортаға салды
Мектепте оқушы қыздардың хиджаб немесе орамал тағуы қазақ қоғамын екіге жарды. Олардың арасында хиджаб киюге тыйым салуды қыздарға қысым көрсету деп атап жүргендер де бар. Ал, оларға қарсы көзқарастағылар мұндай тыйым салуды зайырлы мемлекетте қалыпты тәжірибе деп санайды.
Осы орайда халықаралық заңгер Аяжан Ойратова Halyq Uni журналисіне берген сұқбатында хиджаб киюге тыйым салудың құқықтық маңызы туралы айтып берді.
Сарапшы мектептердегі орамал тағуға қатысты дау-дамай жағдайларын ушықтырмай шешу жолдарын, сондай-ақ қазақстандықтардың құқықтық және діни сауаттылығын арттыруға көмектесетін шараларды қабылдау қажеттілігіне назар аударады.
Еске салайық, былтыр оқу жылы басталар кезде қазақстандықтар арасында мектептерде хиджаб киюге бола ма деген дау туындады. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2016 жылы қабылданған бұйрыққа сәйкес оқушылар мектепке арнайы формамен баруға міндетті екенін мәлімдеді. Алайда білім саласындағы сарапшы Аятжан Ахметжан мектепке жыл сайын 10 мың баланың хиджаб киіп баратынын айтады.
Оқушылардың мектепке хиджаб киіп баруына қатысты сұраққа Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Конституция бойынша Қазақстанның зайырлы мемлекет екеніне сүйеніп жауап берді.
Мектеп те зайырлы болып саналады. 2016 жылы бекітілген оқушылардың (мектептегі) формасы мен киміне қатысты бұйрық бар. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан балалар мектепке оқушы формасымен келуі керек. Бұл балалардың бірдей білім алуы үшін жасалып отыр. Сондықтан бұл бағытта өзгеріс жоқ. Бәрі заң аясында әрі балалар мектепке белгіленген тәртіп бойынша келуі керек, - деді министр.