Мемлекеттік тілді талап ету ұлтшылдықты тудырмайды – Қазыбек Иса
Қазақ тілін білу міндетті
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Halyq Uni YouTube арнасына берген сұқбатында мемлекеттік тілді талап ету ұлтшылдықты тудырмайды деді.
Депутат 30 жыл бойы тәуелсіз елде өскен жастардың ана тілін білмеуі қынжылтатынын айтады. Оның үстіне, шетелден келген қандастар қазақ тілінде қызмет ала алмай жүрген жағдайлар жиі кездесетін көрінеді.
Мемлекеттік тілді сұрау ұлтшылдықты тудырмайды. Өйткені орыс, неміс, грузин, украин, өзбек тілін талап етіп жатқан жоқ. Мемлекеттік тілді талап етіп жатыр. Оны білу міндетті. Ол неге ұлтшылдықты тудыруы керек? Мемлекеттік тіл деген өзге тілден үстем, статусы бар деген мағынаны білдіреді, – деді Қазыбек Иса.
Мәжілісмен солтүстік аймақтарда кеңсе тілін қазақшаландыру мәселесіне де тоқталды. Ол біраз жыл бұрын бұл мәселе бойынша Мәжілісте Үкімет басшысына сұрау салып, шаралар қабылдауын талап еткен еді.
Бұған дейін судья Әмір Досжан елімізде заңдардың 99,9 пайызы орыс тілінде қабылданып жатқанын мәлімдеген болатын.