«Депутаттар олигархтармен сыбайлас». Сарапшы жеке табыс салығы жайлы

Ербол Тұрымбет

Сапарбай Жобаев ҚР президентінің 2019 жылғы жолдауында айтқан ұсынысын қайта қозғады

көрнекі фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда мемлекеттік компаниялар мен қорлардың басшылары, банк секторындағы ТОП-менеджерлердің жалақысы өте жоғары. Айына шамамен 5 млн теңгеден 20-30 млн теңгеге дейін жалақы алады. Алайда, олардың төлейтін салығының мөлшері 80 мың теңге айлық алатын медбикенікімен бірдей – 10%. Бұл туралы экономист Сапарбай Жобаев Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында айтты.

«Президент осыны 2019 жылғы жолдауында да айтқан. Яғни, табысы көптер салықты көбірек төлеуі керек: 15% немесе 20% прогрессивті салық болсын деді. Ал депутаттар аузына құм құйылғандай ештеңе айтпай отыр. Министрлерге бұл мәселе керек емес, себебі өздері де солай төлеуі керек болады. Депутаттар да, әкімдер де үндемейді», - дейді сарапшы.

Мәселен, Ресейде табыс салығының бұл түрі былтыр 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген. Табысы 5 млн рубльден асатын жеке тұлғалар 15% салық төлейді.

Тағы бір мысал, Қазақстан секілді негізгі табысы мұнайдан түсетін Норвегияда небәрі 4 млн халық тұрады. Олар ұлттық қорына 1 трлн доллар ақша жинап қойған. Норвегия халқы 38%-ға дейін салық төлейді. Экономистің сөзінше, біздің елде арзан салық төлеумен бірге субсидияны да көп алатын - сол байлар.

«Сіз бен біз күніне көлігімізге күніне 10 литр бензин шығындайтын шығармыз. Ал олигархтардың үйінде 7-8 джипі бар, әрқайсы 40 литрден бензин жағады. Оған кететін субсидияның бәрін солар алып жатыр. Оларға қатысты табыс салығын көбейту мәселесі 10 жылдан бері айтылып келе жатыр. Бірақ біздегі депутаттар сол олигархтармен сыбайлас. Солардың қалтасын ойлап, мәселені әдейі көтермейді», - дейді сарапшы.