Өлім аузынан қалған жұмысшының туыстары жұмыс берушілер мен дәрігерлердің немқұрайлылығын сынға алды
Түркістан қаласындағы «Арман» тұрғын үй кешенінде 28 мамыр күні Мақсұт Қошқаров есімді 30 жастағы құрылысшы құлап кеткен. Аман қалған жұмысшыны ауруханаға жұмыс берушілер емес, әріптестері жеткізіпті. Содан бері орнынан қозғалуы қиындаған жұмысшыға әлі күнге дейін ота жасалмаған. Себебі, жергілікті дәрігерлер науқасты Шымкенттегі әріптестері келіп қарағанын күтіп жүр. Ал, олардың қашан келетіні әлі белгісіз.
Інім әлі жатыр. Шарасыз. Шымкентке апаруға ақшамыз жоқ. Жұмыс беруші компания бұл жағдайдан мүлде хабарсыз. Дәрігерлер ота жасау үшін ақша сұрағандай болды. Бізге көмек керек, - дейді құрылысшының әпкесі Ақбота Қошқарова.
Түркістан қалалық орталық ауруханасының дәрігері Жайлау Зұлыпхар ота Шымкент қаласында жасалуы керегін айтады.
«Біз Шымкенттегі әріптестерімізге хабарластық. Олар науқасты өздері қарап, сосын ғана Шымкентке әкететінін айтты. Ота сол жақта жасалуы керек. Біз әзірге ұсыныс жіберіп қойдық, енді жауабын күтіп отырмыз. Науқастың жағдайы соншалықты ауыр емес. Омыртқасы сынғанымен, жұлынға зақым тимеген. Бірақ отаның тез арада жасалғаны дұрыс», - дейді маман.
Тұрғын үйдің 5-қабатынан құлаған Мақсұт Қошқаров компания үстінен (жұмыс беруші – авт.) полицияға шағымданған.
Ал жұмыс берушілер 5-қабаттан құлаған құрылысшының сол күні ішіп келгенін айтады. Мердігер компанияның өкілі жұмыс беруші тарапынан кінәнің жоқтығын, бәрін құзырлы органдар анықтайтынын айтты.