«Үш рет кешірім» артында «үш рет ұрам» деген түсінік тұр». Әйелдер мен бала құқы туралы заң жобасында не қарастырылған?
Елімізде алғаш болып Қолдау орталығы Қарағанды облысында ашылған
«Әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қорғау туралы» заң жобасы Мәжіліс депутаттарының талқылауынан өтіп, Сенатқа жетті. Президент жанындағы әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Нәзипа Шанаидың айтуынша, заң жобасында әйелдер мен балалар құқын қорғауға қатысты маңызды баптар бар.
Сарапшының айтуынша, осы заңда облыс тұрмақ, әр аудан орталығында отбасын қолдау орталықтарын құру туралы жазылған. Аталған орталықтар Отбасы институтын қолдау үшін құрылып, аудан басында отбасы мәселесіне жауапты мекемелердің, мемлекеттік орган өкілдерінің басын біріктіреді. Бүгінде сондай орталық алғаш болып Қарағанды облысында ашылған.
Сонымен қатар, жаңа заң бойынша мобильді топтар құрылады. Олардың ақпараты дереу осы Отбасын қолдау орталықтарына түсіп отырады.
«Оған қоса, Қазақстанда былтырдан бері Қарағандыда таза әйелдер жұмыс істейтін полиция бөлімшесі ашылды. Себебі, көп жағдайда, әсіресе өңірлерде ер кісі жылап келген әйелді тамыр-таныстыққа салып, қабылдамай, тіркемей қайтарып жібереді. Талдықорғанда зорлық-зомбылық бойынша жұмыс істейтін жеке әйелдер батальоны ашылды. Сол сияқты жұмыс әрі қарай да жүреді», - дейді Нәзипа Ыдырысқызы.
Оның сөзінше, елімізде жалпыға жария бола бермейтін әкесінен, атасынан, нағашы ағасынан зорлық көрген, аяғы ауыр болып қалған қыздардың жабық ұйымдары бар әрі сол балалар дүниеге келіп жатыр.
Айта кету керек, бұдан бөлек, заңға сәйкес елімізде 111 телефон орталығы жұмыс істеп тұр. Оған зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда бала да, әйел де хабарласа алады.
Осы заңды қарастырып жатқанда маған Түркістан облысынан бір таныс жігіттер қоңырау шалды. «Нәзипа апай, Ұлттық комиссияның мүшесісіз ғой, әйеліне қол көтергені үшін бірден екі айға отырғызырп қойған дұрыс емес қой, үш рет кешірім беру керек қой», деді. Мұның артында «үш рет ұрам» деген түсінік тұр, – дейді Нәзипа Шанаи.