«Бізді Астана қаласына қоссын». Қараөткел тұрғындары ауылды жылда су басатынын айтты
Биыл да қыс бойы жиналған қар уақытында сыртқа шығарылмай, тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі келтіріп отыр
Астана қаласынан 17 шақырым жерде орналасқан Қараөткел ауылының (Ақмола облысы – авт.) тұрғындары Halyq Uni редакциясына хабарласып, шағымын айтты. Тұрғындардың айтуынша, ауылда қыс бойы жауған қар тазаланбаған, соның салдарынан еріген қардан көшелер көлге айналған, үйлердің ауласын су басқан. Тұрғындар әкімдікке қаншама рет шағымын жеткізсе де, еш шара қолданбай отыр екен.
Қараөткел тұрғыны Раушан Балмағанбетованың айтуынша, ауылдық округ әкімі әлі нақты әрекетке бармай, бос уәдемен қол қусырып отыр. Оның айтуынша, қар тазалаушылар қыс бойы Әуезов көшесінің шетіне қарды үйіп кетіп, ауыл сыртына шығармаған. Соның салдарынан еріген қар үйге кіріп жатыр.
«Қыс бойы қар сыртқа шығарылмай, қазір еріген су үйге кірді. Әкім жолдасқа да айттық. Бірер күн бұрын келіп, үйілген қарды тазалауға уәде берген. Бірақ әлі ештеңе істелмеді.
Әуезов көшесі қыс бойы тазаланбады, қар тау болып жиналып қалған. Бұл көшеде тек үлкен кісілер мен мүгедектер тұрады. Біз өзіміз қарды тазалай алмаймыз, кішкентай немерелеріміз тазалап жүр. Енді кімге жанайқаймызды жеткізерімізді білмейміз.
Мен әкімге айттым: «Үйімді су басса, бала-шағаммен әкімдікке барып тұрамын», - дейді Раушан Балмағанбетова.
Ауыл тұрғындары егер жергілікті билік тарапынан нақты шара болмаса, әкімнің қызметінен кеткенін талап етіп отыр. Сондай-ақ тұрғындар Қараөткел ауылының Астана қаласына қосылғанын қалайды.
Олар көктем келіп, қар еріп жатқанын біледі. Бірақ сонда да жұмыс істемей отыр. Егер істей алмаса, қызметінен кетсін. Халықты бұлай әбігерге салуға болмайды. Тым болмаса осы салған жолдарының қарын тазалап берсе болады ғой.
Қараөткел ауылы Астана қаласынан 17 шақырым жерде орналасқан, мегаполи пен ауыл арасын бір бағдаршам ғана бөліп тұр. Бізде жылда осындай жағдай болады. Онда ауылды Астанаға қоссын, - деді Қараөткел ауылының тұрғыны Данияр Оспанов.
Ал Қараөткел ауылдық округінің әкімі Талаптан Дауылтаев тұрғындардың сөзін жоққа шығарып, жұмыс атқарылып жатқанын айтты.
«Бұл жерде бұрын асфальт жол болмаған. Бұрын өз ағысымен кететін судың орны бітеліп қалды. Сондықтан жиналып жатыр. Тұрғындар айтқанындай жағдай болып жатқан жоқ. Қар еріп, аулаларға кірген аз ғана су үшін алаңдап жатыр. Ауылдағы қарды шығаратын арнайы орын – полигон бар. Бүгінге дейін 140 мың текше метр қар шығарылған. Жұмыс істеліп жатыр. Ешқандай қауіп жоқ. Бұл табиғаттың заңы ғой, осылай болатынын білген жоқ», - дейді әкім.
Әкімнің айтуынша, Қараөткел ауылында ресми тіркелген халық саны – 5700. Ал шын мәнінде 37 мың халық тұрып жатыр.
Қараөткел ауылында ресми тіркелген халық саны – 5700. Ал шын мәнінде 37 мың халық тұрып жатыр. Бюджеттен ақша халық санына қарай бөлінеді. Ал халық басқа жерде тіркелген. Сондықтан халыққа айтарым, бізбен бірігіп, осы жерге тіркелсе, біз жоғары жаққа халық саны көп деп айта алар едік, - дейді Қараөткел ауылдық округінің әкімі.