Halyq Uni логотип
×

Жаңаөзенде халыққа алғаш рет оқ атылды – Мұхтар Мағауин

Жазушының айтуынша, зиялы қауым шеруге шыққан халықты кінәлаған

 Ая Өміртай 06.01.2024 | 15:25

Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің Қазақстаннан жырақ шет елдерде тұрып келе жатқанына 17 жылдан асты. Жуырда отбасымен АҚШ-тан Түркияға қоныс аударған қаламгер қазір Анталия маңындағы Кемер қаласында тұрып жатыр. Бүгінде 83 жастан асқан қазақтың абыз ақсақалы қазақ баспасөзіне кең көлемде алғаш рет эксклюзив сұқбат берді. 

Жаңаөзен деген қасірет болды. Жаңаөзен сұмдығы – халықты атты ғой алғаш рет. Желтоқсанның кезінде атқан жоқ, күректің қырымен ұрып, өлтіріп, тепкілеп өлтіріп ғой. Ал енді сонда Жаңаөзен әңгімесі болып жатқан кезде, біздің қаламгер қауым, біраз зиялылар деген, әдебиетшілер атылған халықты кінәлады ғой. Атылған халықты кінәлап, оны атқанды ақтады анық, - деді жазушы Жаңаөзен оқиғасы туралы.

Жаңаөзен оқиғасы – 2011 жылдың 16 желтоқсан күні Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында ереуілге шыққан жергілікті жұмысшылар мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында болған қақтығыс. Полиция Жаңаөзенде наразылық білдіріп тұрған мұнайшыларға оқ атты. Ресми дерек бойынша, оқиғадан 17 адам мерт болған. Жазушы Мұхтар Мағауин биліктің әрекетін сынап «Қан төгілді» деген мақала жариялған.

Содан мен қырылып жатыр дегенді естіген бетте түршіктім. Мынау деген сұмдық, адам естімеген. Қазақ деген үлкен халық. Қаншама біздің оқығандарымыз бар, зиялыларымыз, қайраткеріміз бар. Содан кейін түнде отырып жаздым, бір түнде. Таңертең Едіге ( Едіге Мағауин – Азаттық радиосының директоры – ред.) алып кетті де, апарып орысшаға, ағылшыншаға аудартып, сол күні кешке «Азаттыққа» шығарды. 1 аптадан кейін ба «Жас алаш» басты. Содан кейін жұрттың тілі шыға бастады ептеп. Жаңа жылдан кейін түгелдей сайрап кетті. Сонда сұмдық, халық қырылып жатқанда, қырып жатқандарды мақұлдап, халықты кінәлап сөйледі, - деп пікір білдірді Мұхтар Мауғаин Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында. 

Осыған дейін оқырманға 4 томдық «Шыңғыс хан» романын ұсынған жазушы қазір мыңжылдық қазақ тарихынан сыр шертетін «Алтын Орда» романын баспаға даярлап жатыр. 

Сұқбатта Шыңғыс хан мен Алтын Орданың жаңаша тарихы, қазақ қоғамының бүгінгі жай-күйі, қазақ әдебиетінің кемшін тұстары мен келешегі туралы айтылды. Сонымен қатар жазушылық жолдағы сан түрлі кедергілер мен Назарбаев дәуірінің озбырлығы, Тұрар Рысқұловтың халыққа жасаған қиянаты туралы әңгіме өрбіді. 

Мұхтар Мағауин Қазақстаннан неге кетті? Жазушы елге орала ма? Оның шығармашылықтағы қанаттас досы – Әбіш Кекілбаев өмірінің соңғы жылдарында неге ішқұса болды? Сұқбатта осы және өзге де маңызды сұрақтарға жауап берілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама