×

«Тоқаевтың тапсырмасына саботаж»: Елордада ArtSport бағдарламасын қаржыландыру тоқтатылды

Нұр-Сұлтан қаласында бір топ ата-ана спорт басқармасының ғимаратына жиналды

 Айнұр Шошаева 19.05.2022 | 16:46

Елорда әкімдігінің ArtSport платформасындағы тегін үйірмелер мен спорттық секциялар үшін үш айдағы қарызы 1,4 млрд теңгеге жетті. Бүгін қаржыландыру тоқтатылатынын естіген ата-аналар мен қызмет жеткізушілер жиналды.

17 мамырда Нұрсұлтан қаласының спорт басқармасы ArtSport платформасында қызмет жеткізушерге тегін үйірмелерді қаржыландыру тоқталынатыны туралы хабарлама жіберген. Бүгіннен бастап қызмет көрсетуші ұйымдар балалардың үйірмелері мен жаттығуын тоқтатты. Осыған қызмет көрсетушілер мен ата-аналардан құрылған наразы топ елордалық спорт басқармасының ғимаратына жиналды.   

Басқарманың мәліметіне сәйкес, биыл жыл басына жоспарланған қаржы қаңтар-ақпан айында жұмсалған.

«Қаңтар-ақпан айларын біз 400 млн-нан жаптық. Наурыз айындағы қарыз 618 млн, сәуірде 650 млн теңге. Ал мамырда одан да көп болуы мүмкін. Себебі, жеткізушілерге қаржы баланың үйірме мен секцияға қатысқанына қарай төленеді. Мәселен, бір жеткізуші 10 қатысумен жапты, ал біреуі 8 рет қатысқан соң жауып жатты. Мәселен, наурыз айында барлық қызмет жеткізушілер 12 қатысудан кейін жапты. Сол себепті әр айда әртүрлі баға шығып отыр», - деді басқарма өкілі.

Бүгінде басқарманың бағдарлама шеңберіндегі қарызы 1,4 млрд теңгеге жеткені белгілі болды.

«Ата-аналар мен қызмет жеткізушілер, сіздер қазір біздің бюджетте ақша жоғын жақсы білесіздер. Жіберген хабарламаның күшін жойып, егер бюджетті нақтылау кезінде ақша жеткіліксіз болса сіздер тағы бізге келесіздер ғой. Дәл қазір басқарманың наурыз, сәуір және мамыр айлары үшін 1,4 млрд теңге қарызы бар. Қосымша бюджеттік тапсырыс бердік, мәслихатты күтіп отырмыз. Мәслихат ақша берсе, жұмысты жалғастырамыз», - деп қосты ведомство өкілі.

Басқарма өкілдері бұл мәселенің нақты қашан шешілетінін білмейді. Тек наразы топтың талабы бойынша «18 мамырдан бастап қаржыландыру тоқтатылатыны» туралы хабарламаның күшін жою туралы бұйрық шығарған.

«БАЛАЛАРҒА НЕ ДЕЙМІЗ, ҚАРАУҒА БЕТ ЖОҚ»

Қызмет берушілер бүгіннен бастап үйірмелер мен жаттығу жұмыстарын тоқтатты. Ата-аналар қаржыландырудың тоқтатылуын Президенттің бастамасына «саботаж» жасаумен тең деп отыр.

Жергілікті шенеуніктер неге Президенттің тапсырмасына саботаж жасап отыр?. Бұл бағдарламаны Президенттің өзі бекітті. Сіздер оны тоқтата алмайсыздар!.

Әңгіме балалар туралы болып отыр. Дәл осы мәселеден үнемдеудің қажеті жоқ. ата-аналарға ақшаны қайдан алатындарыңыз маңызды емес. Ақша бар, миллиард доллар болса да табылуы тиіс. Тоқтап қалған ЛРТ немесе өзін ақтамаған ЭКСПО  үшін аямаған ақшаны балалардан аяп отырсыздар ма?.

Менің немерелерім бар. Қазір немелеріме не айтамын, бет жоқ. ArtSport жабылды дейді. Сіздерден сұрайтыным, бағдарламаны жалғастырыңыздар. «Ұстаздарды тыңдаңдар, Қазақстанның туын алға көтеріңдер» дейміз. Енді ақша жоқ деп қалай түсіндіреміз?.  

Бүгін балам таңертең 8-дегі жаттығуынан қалып қойды. Өйткені енді ақша жоқ, болмайды. Кешкі 5-ке дейін күтеміз, ақша табыңыздар. Балаларға не айтамын? Қалай түсіндіремін? Бір бала бес үйірмеге тегін барды деген сөз - өтірік. Олай болса қозғалған қылмыстық іс қайда?

Ал, кәсіпкерлер болса аренда ақысы, жалақы, айыппұл жайлы айтып, шығынға батып жатқанын жеткізді.

Елордада ArtSport платформасы аясында жұмыс істеп жатқан 1500-ға жуық белсенді өнім беруші бар. Олардың басым бөлігі көрсетілген қызметтің ақысын ала алмағандықтан, ғимараттың жалға алу ақысын төлей алмай отыр. Соның бірі - «Бәйтерек» ұйымының жетекшісі Гүлнұр Ешмұхаметова. Оның шахмат үйірмесіне 244 елордалық жеткіншек барып жүр.

«Жеткізушілер қазір жалға берушілерге жалдау ақысын уақытында төлемегені үшін айыппұл ретінде қосымша ақы төлеуге тиіс. Біз мұнымен келіспейміз. Менің өзім ай сайын жалдау ақысынан бөлек 400 мың теңге қосымша ақы төлеуім керек екен. Оны кім төлейді? Ақшаны қайдан аламын? Мен сотта болдым, ол соманы біздің ақшамызды кешіктірген бағдарлама операторы төлеуге тиіс екенін айтты. Сондықтан мен ақшамды алған соң басқарманы сотқа беремін», - дейді ол.

Бұған қоса, бағдарлама аясында жұмыс бастамас бұрын жұмсалған қосымша шығындар әлі ақталмағанын айтып отыр.

Мен өрт дабылын орнаттым. Міндетті түрде бейнебақылау камерасы болуы керек деді. Оны да істедім. Біздің ол шығындарымызды кім өтейді? Мен қарызға батып кеттім, - деп қосты Ешмұхаметова.

Кәсіпкер «Адал» спорт және өнер шығармашылық ұйымының жетекшісі Әлихан Мақсатұлының айтуынша, әкімдік басқармалары үш айдың қарызын төлеу үшін уақыт сұраған.

«Бұл мәселе қалалық мәслихаттың жұмыс комиссиясында қаралды. Бір аптаның ішінде мәслихат отырысы болады. Сол сұрақты талқылаймыз деп уәде берді. 20 минуттан соң бәрімізге бағдарлама 18 мамырдан бастап тоқтатылады, қаржы төленбей деп хат жолдады. Жұмысты ақылы әлде тегін істейсіздер ме маңызды емес деген хабарлама келді», - деді Әлихан Мақсатұлы.

Сондай-ақ ол әр өнім берушінің ай сайынғы шығыны орта есеппен 1 млн-нан 5 млн теңгеге дейін құрайтынын айтты.

«Оның ішінде ғимаратты, залды жалқау ақысы, бапкерлердің еңбекақысы бар. Үш айдың қарызы көп болып кетті. Бізге қазір банктер де кредит бермей тұр. Өйткені бұған дейін алған несиемізді жапқан жоқпыз. Бұл Президенттің бастамасымен басталған бағдарлама еді. 2022 жыл - Қазақстанда балалар жылы деп жарияланды. Сондықтан жобаның жабылуына еш себеп жоқ. Үкіметте ақша бар. Тек оны дұрыс бағыттау керек», - деп қосты ол.

Нұр-Сұлтан қаласында спорт бағыты бойынша спорт секцияларына 36 мың бала қатысып жүр, 28 бала кезек күтіп отыр. Ал мәдениет саласында 32 мыңға жуық бала үйірмеге қатысып жатыр. Сонымен біре 27 мың бала кезекте тұр.

«Арландар» футбол клубының негізін қалаған Фазылбек Әбсаттарұлының айтуынша, бағдарламаға қатысатын өнім берушілер қаржыландырудан бөлек қиындықтарға да тап болып отыр.

«Талаптары мен шарттары қисынсыз. Мысалы, өзімнің басымнан өткен футбол секциясының шартын айтайын. Футболда жаттықтырушырының біліктілігі категориямен өлшенеді. УЕФА-ның А,В, С деген категориялары бар, сонымен өлшенеді. Бізде ол категория келмейді, жаттықтырушы жоғары білімді дене шынықтыру мұғалімі болу керек дейді. Футболдан жаттықтырушы болу үшін жоғары білімді болу міндетті емес қой», - деді Фазылбек Әбсаттарұлы.

Оның пікірінше, мұндай талаптар білікті мамандардың бағдарламаға қатысуына кедергі келтіреді.

«Осы ArtSport арқылы футболдан ең мықты деген мамандар өте алмай қалды. Өйткені жоғары білімі жоқ, дене шынықтыру мұғалімі емес, яғни талапқа сай келмеді. Есесіне, дәл қазір елордада аталған бағдарлама бойынша футболды түсінбейтін жаттықтырушылар жүр», - деп қосты ол.  

Айта кетейік, бағдарлама өткен жылдың мамыр айынан басталған. Астанада 4-тен 18 жас аралығында 224 мың бала бар. Алайда бағдарлама операторы (жергілікті атқарушы органдар) биылғы бюджетке 3 мың балаға ғана қаржы енгізген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама