Сарапшы асық атудың ережесі, оның денсаулыққа пайдасы және ұлттық ойынды дамыту жайлы айтып берді
Жуырда Қазақстанға ресми сапармен келген Франция президенті Эмманюэль Макрон «Этноауыл» ұлттық көрмесін аралап, асық ойнап кетті.
Асық ату – қазақ халқының дәстүрлі ойыны, ол 2024 жылы Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының негізгі бағдарламасына енді.
Одан бөлек, Оқу-ағарту министрлігі 17 қарашада еліміздің барлық мектебінде ұлттық ойындар челленджі өтетінін, онда бір мезетте милионнан астам оқушы асық («Бес табан», «Бес асық») ойнайтынын хабарлады.
ҚР Асық ату федерациясының атқарушы директоры Жомарт Сабыржанұлы Асық атудан халықаралық федерация құру жоспары барын атап өтті. Жомарт Сабыржанұлы 1992 жылдан бастап асық ату ережесін қолға алған. Қазір Қазақстанның 16 өңірінде Асық ату федерациясының өкілідігі бар, алда жаңадан құрылған Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарында ашылмақ.
Бүгінде Қазақстанда асық ойнайтын адамдардың саны 78 мыңға жуықтайды екен. Сондай-ақ асық ойынын үйрететін 114 бапкер қызмет атқарып жүр.
ҚР «Асық ату» федерациясы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығына мүше. Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына 9, яғни «Бәйге», «Көкпар», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Дәстүрлі садақ ату», «Тоғызқұмалақ», «Асық ату», «Теңге ілу» және «Құсбегілік» федерациялары кіреді.