Halyq Uni логотип
×

Белгілі заңгер Желтоқсан батырларына арнайы мәртебе беруді ұсынды

Елордада «Желтоқсан. 1986. Декабрь. Документальная хроника» атты кітаптың таныстырылымы өтті

 Ербол Тұрымбет 15.12.2021 | 10:38

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Желтоқсан. 1986. Декабрь. Документальная хроника» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі Сабыр Қасымов Желтоқсанға қатысқаны үшін сотталғандардың арасында белгілі бір себептермен ақталмай қалғандары да бар екенін айтты.

Сотталғандардың нақты саны 103 деп жүрміз. Олардың көбі ақталды. Милицияға қарсылық көрсеткені үшін Мырзағұл Әбдіқұлов сияқты бірен-сараны ақталмағандар бар. Ол да өзіне шабуыл жасалғанда пышақпен қорғанғанын білесіздер, - деді Сабыр Қасымов.

Белгілі заңгер Желтоқсан батырларына арнайы мәртебе беру мәселесін де көтеріп, оларға «Бостандық үшін күрескен қаһармандар» деген мәртебе беруді ұсынды. 

Сондай статус берілсе, оларды ақтау, әлеуметтік жағынан қорғау, тарихи әділдікті қалпына келтіру сияқты көптеген мәселенің түйіні өздігінен шешімін табады. Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін жазалау, қуғындау шараларынан зардап шеккендердің де саны есептелуі керек. Оқиға ең бір шиеленіскен тұста Алматыдан өзге өңірлерде де жастар шықты. Нақты саны ешкімде жоқ. Солардың қаншасы ақталды? Алматыда 600-ден астамы ақталды. Ал облыстарда қаншасы ескерусіз кетті, - деді мемлекеттік комиссияның мүшесі.

Биыл Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толып отыр. Осыған орай, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Мәжіліс депутаты, «Қазақ тілі» қоғамының президенті Берік Әбдіғалиұлының бастамасымен архив құжаттарына негізделген «Желтоқсан. 1986. Декабрь. Документальная хроника» атты деректі жылнама жарық көрді. Кітаптың тұсаукесеріне Мәжіліс депутаттары, тарихшылар мен қоғам қайреткерлері қатысты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама