Сарапшылар Work & Travel бағдарламасы жайлы пікірін ортаға салды
АҚШ-ға жұмыс іздеп баратын қазақ жастары көбейді. Бір ғана Work and Travel бағдарламасы аясында жұмыс іздеп Америка асқан мыңдаған отандасымыз бар.
Солардың бірі – жаз бойы (үш ай) Америкадағы аттракцион паркінде оператор болып жұмыс істеп, елге оралған Арыстан Оспанов. Отандасымыздың айтуынша, кейде АҚШ-та жұмыс беруші тараптан өзге елден жұмыс істеуге келген студенттерге әділетсіздік жасалады.
Аттракцион паркінде жұмыс істедім. Ауа райына байланысты кей күндері келушілердің саны күрт азаятын. Ондай кезде менеджеріміз: «үйге ертерек кете беріңдер, бүгін сендерге жұмыс жоқ», деп қысқа қайыратын. Айлығымыз жұмыс істеген әр сағатқа байланысты екенін ескерсек, бізге ерте қайтқан тиімсіз болды. Бір қызығы, осындай «қысқартуға» мен сияқты халықаралық студенттер ғана ілігетін. Жергілікті америкалықтар жұмыс орнында қалып, сол күнгі жұмыс ақысын толық алатын, - деді Арыстан Оспанов.
Аттракцион әкімшілігінің бұл әрекетіне төзбеген шетелдік студенттер жұмыс берушілерге наразылығын білдіріп, талабын айтқан. Кейін студенттердің талабы орындалып, тамыз айында алалау әрекеті болмаған.
Work & Travel бағдарламасының біз білмейтін тағы қандай қыр-сыры бар? Бағдарламаның негізгі мақсаты қандай? Бұл жайында Америкада жұмыс істеп келген Арыстан Оспанов пен Қазақстандағы Work and Travel координаторы Жұлдыз Қырғызалина Halyq Uni подкастында кеңінен әңгімелеп берді.