Астанадағы су жаңа үйдің тұрғындары: «Ипотека төлеп біткенше мына үй құлайды»

Гүлбаршын Нұрхан

«Привокзальный» тұрғындары әкімдікке екі рет шағым түсірген, енді сотқа жүгінбек

Астанадағы «Привокзальный» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2022 жылы аяқталып, пайдалануға берілген. Тіпті, тұрғындарға пәтер кілті салтанатты түрде табысталып, қаншама отбасы қуанышын тойлаған.

Алайда, арада жыл өткен соң «Привокзальный» тұрғындары үйдің сапасыз салынғанын айтып, Halyq Uni редакциясына шағымданды. Олар тұрғын үй құрылысына жауапты «Абылай-Құрылыс» компаниясының бір жылдан астам уақыттан бері әрекетсіз отырғанына налыды.

Тұрғындар жаңа үйге кірген кезде-ақ пәтердің терезесі мен есігі сапасыз екенін байқаған. Тіпті, күн жауғанда үйдің қабырғасы жарылып, жаңа тұрғын үй кешенінен шикілік шыға бастаған.

Құрылыс компаниясы бастапқыда алты қабатты тұрғын үйде лифт орнатуға уәде берген. Кейін лифт орнатылатын орын басқа компанияға сатылып, артық заттарды қоятын қоймаға айналған. Қазір бәрі баспалдақпен жаяу көтеріледі. Тіпті, лифтінің жоқтығынан мүгедектігі бар кейбір жандар бір жылдан бері пәтерінен шыға алмай отыр екен.

«Привокзальный» тұрғын үй кешенінде лифт болмағандықтан, бәрі баспалдақты пайдаланады. Бірақ тұрғындар «осылай жалғаса берсе, бір күні сапасыз салынған баспалдақ та опырылып құлайды» деп алаңдайды.

Одан бөлек, «Абылай-Құрылыс» компаниясы тұрғын үйдің табанында орналасқан автотұрақты да толық бітірмеген, әлі күнге дейін тұрғындардың игілігіне берілмеген.

Былтыр жаңа қонысында алғаш рет қыстап шыққан тұрғындар үйге жылу дұрыс берілмейтінін де айтып отыр. Сенбі және жексенбі күндері су берілуі жиі тоқтайды екен. Ыстық су барлық пәтерге бірдей жетпейді. Бұл маңда интернет жылдамдығы да өте баяу екен.

Үй маңында балаларға арналған ойын алаңы жоқ, жол салынбаған. Тіпті, автобус аялдамасы да үйден шалғай жерде орналасқан. Тұрғын үй маңында жарық қойылмаған, түнде жүру өте қауіпті.

Қыс келсе қар күрелмейтінін, жаңбыр жауса үй айналасы шалшыққа айналатынын айтқан тұрғындар құрылыс компаниясынан кемшіліктерді жоюды талап етіп отыр.

Тұрғындар бұған дейін де «Абылай-Құрылыс» компаниясына шағымданған. Бірақ компания нақты әрекетке көшпей, «бос уәдемен» уақыт өткізіп келеді екен. Амалы таусылған пәтер иелері әкімдікке де шағымын айтқан, бірақ тиісті жауап ала алмаған. Енді «Привокзальный» тұрғындары әкімдікке тағы да шағым түсіріп, содан кейін сотқа жүгінуді жоспарлап отыр.