Былтыр пәтер сертификаты табысталған жалғызбасты ана неге жатақхана жағалап жүр?
Әселге көптің көзінше пәтер сертификаты табысталған соң, Астана әкімдігі оны үй кезегінен шығарып тастаған
Былтыр күзде емізулі баласымен таксист болып жүрген астаналық әйелдің видеосы әлеуметтік желілерде қатты тарады. Құндақтаулы сәбиімен нәпақа табуға мәжбүр болған Әсел Омарованың әрекеті көпшілікті таңдандырған еді. Осы оқиғадан кейін белгілі блогер, өзін меценат атайтын Перизат Қайрат есімді қор жетекшісі екі баланың анасына үй беретіндігін жария еткен. Алайда пәтер сертификаты көпшіліктің алдында табысталғанымен, Әсел уәде етілген баспанасына әлі күнге дейін кірмеген.
Halyq Uni тілшісі жатақхананың аядай бөлмесінде екі баласын жалғыз асырап отырған отбасының бүгінгі өмірін көріп қайтты. Жалғызбасты ана бір жылдан бері жатақханада тұрып жатыр. Қазір тұрып жатқан жері күн суығанға дейін аялдауға жарайды.
Ол ескі көлігі жиі істен шығып қалатындықтан, күн көру қиындай түскенін айтты. Жастан енді асқан сәбиі де қосымша жұмыс істеуге қолбайлау болып отыр. Ал үлкен ұлын мектепке дайындау да айтарлықтай оңай болмай отырғанын жеткізді.
Кейде бір үзім нан тауып жей алмайтын күніміз де болады, - дейді Әсел.
Әселге көптің көзінше пәтер сертификаты табысталған соң, Астана әкімдігі оны мұқтаж жандар санатындағы үй кезегінен шығарып тастапты. Астындағы көлігіне сенген (қазір жүргенінен бұзылуы жиілеген) Әсел жыл соңына дейін «уәде етілген баспанама кіріп қалармын» деп үміттенеді.