«Ұмытылған қаһармандар». 289 жау әскерін жойған майдангердің ерлігі неге енді еленіп жатыр
Ерлігі ескерусіз қалған майдангерлердің туыстары алғыс айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін соғыста ерлікпен қаза тапқан үш майдангерге «Халық қаһарманы» атағын берді.
Біріншісі – атақты мерген Төлеуғали Әбдібеков. Ол бір өзі майдан даласында 397 жаудың көзін жойған. Бұл ерлік тиісті құжаттармен дәлелденген. Қазақтың қаһарман ұлы қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылған. Бірақ, ерлігі ескерусіз қалған.
Капитан Александр Несмиянов та ерекше ерлік пен қаһармандық көрсетті. Ол бораған оққа қарамастан, орда бекінген бүкіл батальонды өзімен бірге шабуылға көтерді. Жау қорғанысын бірінші болып бұзған Несмиянов жаудың 20 жауынгерімен жалғыз алысып, 13-інің көзін жойған. Қалғанын бас сауғалауға мәжбүр еткен. Кезекті ұрыста ол жау шебінің тылына өтіп, басты қауіпті өзіне бұрды, сөйтіп жаудың қорғаныс шебін серіктерінің бұзып өтуіне мүмкіндік жасады. Ал ротаның екі командирі жараланған соң, басшылықты өз қолына алды. Александр Несмиянов үш рет Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылды, бірақ, әр кез оған әділетсіздік жасалып, елеусіз қалды.
Жерлесіміз Ыбырайым Сүлейменов те құралайды көзге атқан нағыз мерген болған. Ол бір жылдың ішінде 289 жау әскерін жойды. Бұл ерлік те тарихи деректерде көрсетілген. Қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметова екеуі соңғы демі қалғанша жаумен арпалысып, қаза тапты. Батыр атағына екеуі қатар ұсынылғанымен, Ыбырайым Сүлейменовтің ерлігі жоғары деңгейде бағаланбаған.
Қазақстан президенті Төлеуғали Әбдібеков пен Ыбырайым Сүлейменовтің туыстарына Халық қаһарманының ерекшелік белгісі «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденін табыстады. Ал Александр Несмияновтың наградасы музей төрінен орын алады.
«Бұл – шын мәнінде, тарихи әділдіктің салтанат құруы. Біз ерлеріміздің есімін жаңғыртып, оларды ұлықтай беретін боламыз. Өйткені, ерлік ешқашан ескірмейді. Майдангер аға буын кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге, – деді Мемлекет басшысы.
Ерлігі ескерілмей келген майдангерлер туралы терең зерттеу жүргізіп, «Ұмытылған қаһармандар» атты іргелі жинақтың шығуына атсалысқан Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғали Halyq Uni тілшісіне пікірін білдірді.
«Керемет ерлік жасаған қаһармандардың ұмытылып кеткен есімдерін халыққа қайтару үшін біз осы жинақты жарияладық. Олардың ерлігі мәңгілік екенін және мақтаныш ету үшін білуіміз қажет. Ерлік ешқашан ұмытылмайды және ұмыт та қалмайды. Бәрі бірдей наградаға лайық болғанымен, барлығы бұл марапатты алуы мүмкін болмаса да, олардың есімдері көшелер мен мектептерге беріледі. Олар жайлы фильмдер түсіріледі. Әрине, бұл соңғы тізім емес, біздің іздестіру жұмыстарымыз жалғасады, өйткені әскери шындық бар, қаза тапқан соңғы жауынгер жер қойнына берілмейінше, соғыс аяқталмайды!», – деді Берік Әбдіғалиұлы.
Айта кетсек, Берік Әбдіғалиұлы – ҚР Ұлттық мұрағатының «Архив-2025» ғылыми-әдістемелік орталығының жетекшісі, қазақстандық және шетелдік ғылыми басылымдардағы 100-ден астам ғылыми жарияланымдардың және 10 кітаптың, соның ішінде «Ұмытылған қаһармандар» жинағының авторы.
Сонымен қатар, Төлеуғали Әбдібековтің немере қарындасы Айгүл Кемелбаева Қасым-Жомарт Тоқаевқа және даңқты атасының атын мәңгі есте сақтауға атсалысқан жауапты тұлғалардың бәріне алғысын айтты.
Осы уақытқа дейін атамыздың даңқты есімін үш рет наградаға ұсынған болатын. Алайда, көптеген мәселелерге байланысты кері қайтарылып отырды. Бүгін мен ерекше бақыттымын! Президентке айтар алғысым шексіз, – деді Айгүл Кемелбаева.
Мерген Ыбырайым Сүлейменовтің 80 жастағы қарындасы Айткүл Сүлейменова да алғыс білдірді.
«Бүгін мен ерекше бақыттымын! Ағамның есімі ардақталып, осы құрметті марапатқа ие болуы өлгенімді тірілткенмен бірдей. Осы награданы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан алғанымды мақтан тұтамын», – деп тебіренді марқұм ардагердің қарындасы.
Динара АМАНТАЙ