Halyq Uni логотип
×

Форум сарапшылары: «Блокчейн – жемқорлықтың жоюдың тиімді жолы»

Қазақстанда тұңғыш рет блокчейн-технология бойынша форум өтті

 Ербол Тұрымбет 10.12.2021 | 09:27

Соңғы екі жыл ішінде Қазақстанда майнинг фермаларының саны 15-тен 50-ге дейін өсті. Қазақстан әлемдегі биткоин майнингі бойынша екінші орынға шықты. Ірі фермалар көбіне Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстарында шоғырланған. Бұл туралы 9 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында өткен блокчейн-технологиялар жөніндегі алғашқы ресми форумда айтылды.

Форумда отандық және ресейлік сарапшылар пікір білдіріп, блокчейн-технологиясының бүгіні мен келешегін сөз етті.

Қазақстан блокчейн-технологиялар қауымдастығының басты мақсаты - мемлекеттік басқару, экономика және бизнес салаларына блокчейн жүйесін енгізу. Қауымдастық төрағасы Сапар Ахметовтың айтуынша бұл технология – жемқорлықты жеңудің таптырмас жолы.

Бұл салаға бүгінге дейін 80 млрд тг көлемінде инвестиция тартылды. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін Энергетика министрлігімен бірлесе тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

Бұл қазір барлық дүниеде дамып жатқан үлкен технология. Осы технологияны Қазақстанда дамыту үшін біз ассоциация құрдық. Әрине, блокчейн технологиясы криптоқаржы бағытында жұмыс істеп жатыр. Бұл технологияны игерген мемлекет ертеңгі күні алдыңғы қатарлы мемлекет болып саналатын болады. Сондықтан біз көш соңында қалмауымыз керек, - деді Сапар Ахметов.

Одан бөлек, сарапшы блокчейн-технологиялары жер кадастры, қаржы саласы, құрылысқа рұқсат алу сынды шаралардың бәрін ашық жүргізетінін айтты. Яғни, мәселенің шешілуі бір адамға байланып қалмайды. Қазіргі уақытта елімізде осыған қатысты бірқатар жақсы жобалар бар. Осы форум аясында сол бағдарламаларды анықтап, мемлекеттік органдармен бірге жүзеге асыру көзделген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама