«Достарымызбен араласудан қалдық»: аутизм белгілері бар балалардың әкелері жайлы
Ерекше балаларды тәрбиелеп отырған Дархан мен Құсайын ұлдарын қоғамға бейімдеу жайында айтып берді
2022 жылғы дерек бойынша Қазақстанда аутизм спектрі бұзылған – кәмелет жасына толмаған 6 550 бала бар. Былтыр бір жыл ішінде 1 610 балада аутизм белгілері бары анықталған. Ал 2023 жылдың бес айында 1 499 балада аутизм спектрінің бұзылысы тіркелген.
Halyq Uni тілшісі Астанадағы «Abaqus-Daryn» коррекциалық-дамыту орталығының директоры – 13 жастағы Дарынның әкесі Дархан Ажмолдаевпен әңгімелесті. Сондай-ақ 6 жастағы Дастан есімді баланың әкесі Құсайын Қайыров отбасы, баламен қалай жұмыс істейтіндерін айтты.
«БӘРІНЕ ШЫДАУ КЕРЕК»
Ұлым 6 жасқа толды. Туған кезде біле қоймадық. 2-2,5 жасқа толған кезде мінез-құлқы өзгеріп, айналып жүгіре берді. Ойыншықтарды бір қатарға қоятын. Кейде айғайлап күлетін. Сол кезде өзіміз де ойланып, дәрігерлерге апардық. Невропатолог осындай диагноз барын айтты. Оның алдында не екенін, қандай екенін білген жоқпыз. Балалардағы жаңадан пайда болған бұзылыс екенін түсіндірді. Артынан арнайы мамандарды іздей бастадық, - дейді 6 жастағы Дастанның әкесі.
Құсайын Қайыров баланы дәрігерлерге қаратуға әйелінің апарғанын айтады.
«Мен қарай қоймадым, анасы жүгірді. Қай жаққа апарғанын нақты білмеймін. Шетелге апарған жоқпыз. Білетін аурухана апардық. Туған кезде болады, 2-3 жасында көріне бастайды дейді. Оның алдында тілі шыға бастады. (...) Үлкен екі ұлым бар. Көп адам қиындыққа шыдамайды. Еркектер баласын тастап, кетіп қалады. Өз балаң болған соң бәріне шыдау керек», - дейді астаналық ер адам.
АТА-АНАЛАР АСТАНА МЕН АЛМАТЫҒА КӨШУГЕ МӘЖБҮР
Астанадағы «Abaqus-Daryn» коррекциалық-дамыту орталығының директоры Дархан Ажмолдаев үш баланың әкесі. Кенже ұлы Дарын қазір 13 жаста.
Ұлым 9 жасында мектепке барды. 1-сыныпта көмекші мұғалімсіз оқыды. Соның өзінде мұғаліммен байланыста болып, бала мінез-құлық көрсетсе, не істеу керек екенін түсіндірдік. Күнделікті жұмыс істегеннің арқасында ұлым 1-сыныпты оқып шықты. Көп нәрсе түсінбесе де, ортаға қосылып, сыныптастарымен ойнау арқылы деңгейі өсе бастады. Пандемиядан кейін мектепке барады. Қазір 4-сыныпта оқып жатыр. Мұғалімнің сұрағына қолын көтеріп, тақтаға шығады. Мәтін оқып, жеңіл сұрақтарға жауап бере алады, - дейді Дархан Ажмолдаев.
Айтуынша, мектепке барған кезде ұлы қиналмаған. Себебі оның сыныптастары 6-7 жастағы балалар болды.
Алғашқы мұғаліміне алғыс айтамыз. Біз ол кісіге жағдайды түсіндірдік, мұғалім сыныптағы басқа оқушыларға айтты. Көмектесу қажет екенін түсіндірген. Ұлым да күліп-ойнап жүре береді. Сыныптастары да Дарынды жақсы көреді, - дейді Дархан Ажмолдаев.
Кездесу барысында «Abaqus-Daryn» коррекциалық-дамыту орталығы туралы да әңгімелестік. Мекеме директорының айтуынша, облыс орталықтарында ашылған мекемелер көп баланы қабылдай алмайды. Ол жақта кезекке тұру керек. Кезекке тұрғысы келмейтіндер Астана мен Алматыға көшуге мәжбүр.
Ата-ана сабырлы, шыдамды болуы керек. Ер адамда сынды сыйға айналдыру мақсаты болуы керек. Әйелге артып қоюға болмайды. 4-5 баланың арасында бір қыз ғана аутизмге шалдығады. Бұл – бізге көрінетін статистика. Одан бөлек қыздар да аутизм белгілері болады, тек бір айырмашылығы бар. Жеңіл формадағы аутизм қыздарда көрінбейді, - дейді ол.