×

«Сізге ескерткіш қоямын». Ақтау әкімі қала тұрғынына айлығының жартысын бөліп беретінін айтты

Ақтау қаласында 4250 жұмыссыз адам бар екен

 Ернар Сейтахмет 23.04.2022 | 02:34

Бүгін Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қала тұрғындарымен кездесті. Кездесуге Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.

Жиында қала тұрғындарының бірі Ақтаудағы жұмыссыздық мәселесін көтеріп, қолында құзыреті болса бос жүрген азаматтардың бәріне жұмыс тауып беретінін айтты. Ол бұған дейін қала әкімдігінен бірнеше рет жұмыс сұраған, бірақ биліктің ұсынған жұмысы мен жалақы мөлшері көңілінен шықпаған.

«Мүмкін біздің қолымыздан жұмысқа орналастыру келмей жатқан шығар. Онда мен сізге мынадай ұсыныс жасайын: айлығымның 50 пайызын беремін. 783 мың теңге аламын, 390 мың теңгені қолыңызға бөліп беремін. Маңғыстау облысында 15 мың адам жұмыссыз болса, Ақтау қаласында 4250 жұмыссыз адам бар. Қасымнан кабинет, компьютер берейін. Төрт ай уақыт берейік, бәрін жұмысқа орналастырып беріңізші!», - деді қала әкімі тұрғынға нақты шарт қойып.

Қала әкімі ұсынысын өзгертіп, 5 ай уақыт беретінін, қолына 2 млн теңге беретінін айтты.

«Егер 4250 адамды жұмысқа орналастыра алсаңыз, мен сізге ескерткіш қоямын. Егер орналастыра алмасаңыз, халықтың алдына шығып кешірім сұрайсыз... Жарайды 3 мың адамды жұмысқа орналастырып беріңізші. Маған күнделікті есеп беріп отырасыз», - деді қала әкімі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама