Halyq Uni логотип
×

«Бүкіл құрылысты тоқтату керек»: депутаттар Астанадағы су тапшылығы жайлы

Қазақстандықтар суды үнемдеп пайдалануды үйренуі керек

 Дәурен Ерболат 09.06.2023 | 15:45

Бүгінде Астанада су тапшылығы проблемасы өзекті. Тұрғындар судың уақытында берілмейтінін айтады. Halyq Uni тілшісі бұл мәселеге қатысты депутаттардың пікірін білді.

Нартай Сәрсенғалиев, депутат:

Ойлап көріңіздерші, тұтас бір мемлекеттің бас қаласын сумен қамтамасыз ете алмауы – масқаралықтың, шарасыздықтың белгісі әрі оның шегі көрінбей тұр. Депутат болып келгенде осы мәселені көтеріп, алғашқы депутаттық сауалымды қала әкіміне арнадым. Хат жібердім. Сонда маған жауап келді... Бірақ мұнда анықтайтын бір мәселе бар. Бірінше келген хатта «Биыл шілдеде (Астанадағы) №3 сорғы-сүзгі станциясының құрылысы шілденің аяғында аяқталып, іске қосылады. Алайда толық қуатына жылдың аяғында шығады.

№3 сорғы-сүзгі станциясы мәселені 2026 жылға дейін шешеді. 2020 жылы басталған станцияның құрылысы 3 жылда әрең салынып бітті. 2026 жылы (елордада су тапшылығы – автор) қайта туындайтынын әкімдік айтып тұр. Демек, биыл тағы бір сорғы-сүзгі станциясының құрылысын бастау керек. Бұл мәселе неге шешілмейді? 24 сәуірде тағы бір хат жолдадым. Оған әкімдік жауап бермей отыр.

Енді халықтың суды үнемдеуіне тоқталайын. Журналист болғанда мұны бағдарламада мәселе ретінде көтердік. Көпшіліктің арасында су үнемдеп пайдаланбау бар. Бірақ қазір халыққа су жеткізе алмаған кезде кей билік өкілдерінің дәл осы мәселені аяқасты көтеруі дұрыс па? Менің ойымша, бұл логикаға сәйкес келмейді. Су барда ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп, халыққа айту керек еді. Біздің Қазақстан халқы айтқанды түсінбейтін, естігенді құлақтан асырып жіберетін ұлт емес, өте ақылды ұлт...

Дәл қазір Астана халыққа ішерге, жуынуға, ұлы сөздің ұяттығы жоқ, әжетханаға баруына су бере алмай отырғанда «Халықтың өзі суды үнемдемейді, оларға суды үнемдеп үйрету керек» деу – халықтың онсыз да үзілгелі тұрған төзіміне одан сайын салмақ салу, одан сайын ашындыру емес пе?

Сондықтан бұл шаруаны баяғыда атқару керек еді. Қазір кеш қалды. Сондықтан су мәселесін шешу керек.

Аян Зейнуллин, депутат:

Су мәселесін шешпейінше, бүкіл құрылыс тоқтату керек. Су мәселесі шешілмесе, не істейміз? Қазір халық пәтерлерін алып жатыр. Армандаған пәтерлеріне кіреді, онда су болмаса, мемлекетте проблема туындайды. Сондықтан (Астанадағы) жаңа құрылыстың бәрін тоқтату керек.

Мақсат Толықбай, депутат:

Астанада су тапшылығы мәселесі бүгін-кеше пайда болған жоқ. Бұған дейін көтерілген күрделі проблема. Бізде суды тартатын станцияларды көбейту керек. Оларды көбейтпесек, су тапшылығы мәселесі шешілмейді. Қазір 2 ай Астанаға келмесең, тағы жаңа ықшам аудандар салынғанын көресің. Құрылыс көп. Сондықтан судың тапшы болатыны заңдылық. Мәселені шешу үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Астана қаласы әкімдігіне хат жаздық, олармен жиын өткіздік. Олар қосымша сорғы-сүзгі станциясы орнатамыз деп жатыр.

Құрылысты шектеуге мәселесіне тоқталайын. Ешкім жетіскеннен Астанаға келіп жатқан жоқ. Мұнда адамдар жұмыс іздеп келеді. Бізде тұрғын үйлер мемлекеттік бағдарламамен мегаполистерде салынады. Ауылдарда, моноқалаларда құрылыс салуды мүлдем тоқтаттық. Елдің бәрін Астана мен Алматыға жинап алсақ, әрине, бізде проблема көбейе береді.

Біз кейде суды бітпеймін дүниедей көреміз. Ауылда есіктің алдында суды ағызып қоясың, ол мәңгі бақи ағып тұратын секілді. Үйде де суды үнемдемейтініміз белгілі. Бірақ мұндағы ең үлкен ысырап – ауыл шаруашылығында. Мысалы, алаңды, егіс алқабын суару үшін канал тартады. Онда ағатын судың 60%-ы далаға ағып жатыр. Сондықтан біз бірінші кезекте осы суды үнемдеуіміз керек.

Ерболат Саурықов, депутат:

«Суды үнемдеу керек пе?» деген сұрақтан бастайын. Иә, суды үнемдеу керек. Өйткені, дамыған мемлекеттерді қарасаңыз, онда бәрі тек суды емес, кез келген табиғаттан адамзатқа берілген өнімдерді дұрыстап, шектеп, нормамен пайдаланады. Сондықтан біз халық болып, суды үнемдеуді дұрыс жолға қоюымыз керек.

Астанадағы құрылысты шектеу керек пе? Менің ойымша, қалада құрылысты шектеудің қажеті жоқ шығар. Өйткені, бұл – біздің бас қаламыз. Мұнда жан-жақтан, шетелден, елді мекендерден көптеген жас келіп жатыр. Көшіп келіп жатқан қандастарымыз, оқу және қызметпен келіп жатқан жастарымыз бар. Сондықтан мұнда құрылысты шектеудің қажеті жоқ, олар салынуы керек.

Судың мәселесі бойынша көптеген тұрғын үй кешенінен шағым түсіп жатыр? Мәселені шешу үшін депутаттар не істеп жатыр? Бұл негізі тікелей Астана қаласы әкімінің жұмысы болуы керек. Ол күндіз-түні ұйықтамай, мәселені шешуі қажет.

Болатбек Нажметдинұлы, депутат:

Алматы мен Шымкент қаласында бұрынғы кәріз жүйелері, су құбырлары жұмыс істеп жатыр. Оларға 50 жыл бойы су келуде. Астананың сол жағалауында неге осындай мәселе туындап жатыр? Оның екі себебі бар. Біріншіден, (жұмыстар) сапасыз істелген. Екіншіден, құрылыс нысандары жоспарлы көлемнен тыс салынған: әлеуметтік, инфрақұрылымдық нысандар, жеке тұрғын үй, көпқабатты тұрғын үйлер. Менің ойымша, бәріне ревизия жүргізу керек.

Бүгінде елді мекендерде, қалалардағы судың құны өте төмен. Мысалы, (үйіңіздегі) кранды ашасыз, қолыңызды жуасыз. Оған мемлекет субсидия бөледі. Суды жердің астынан алып, оны инфрақұрылым тартып, сіздің үйіңізге жеткізгеннің құны өте жоғары. Бүгінде судың ысырап мөлшерде пайдалануының себебі – оның арзандығы, бағасының төмендігі. Егер су қымбат болса, азаматтарымыз оны үнемдеудің жолын іздейді. Солай ғой?

Ерлан Саиров, депутат:

Қазақстандағы су тапшылығы мәселесі жаһандық деңгейде болады. Қазір өз халқымызға шындықты айту керек. Қазақстанның ең ірі су бассейндері шетелден келеді. Мысалы, Ертіс пен Іле өзендері Қытайдан, Жайық өзені Ресейден, Сырдария өзені Өзбекстаннан келеді. Сондықтан әлемде су тапшылығы туындайды. Ол Қазақстанда ерекше болады. Біз соған дайындалуымыз керек. Ең негізгісі біз суды үнемдеуіміз керек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама