Halyq Uni логотип
×

«Орыстармен отырмаймын»: меңгеруші кейуананың Қарттар үйінен не үшін қуылғанын түсіндірді

Қазір 66 жастағы Айжан Ахметова қаладағы қонақ үйлердің бірінде тұрып жатыр

 Наима Нұрәлі 25.05.2023 | 17:03

Жыл басында Астанадағы қарттар үйінде «қатқан нан мен көгерген ет береді» деп сұқбат берген 66 жастағы Айжан Ахметова арада 4 ай өткен соң орталықтан қуылғанын айтып, редакциядан көмек сұрап келді. Алайда, «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы Сәуле Қазыбекқызы кейуананың айтқандарын теріске шығарып, орталықтан «қуылуына» тәртіпке бағынбағаны себеп болғанын айтып отыр.

«23 мамырда мәдени-тұрмыстық кеңес шешімімен Айжан Ахметова ішкі тәртіпті өрескел бұзғаны үшін және өзге қызмет алушылардың намысына тиетін әрекеттері үшін орталықтан шығарылды. Өзге қызмет алушылармен бірге отырып тамақтанбады. Бөлмесіне ешкімді кіргізбейді. Балағаттайды. «Мен намаз оқимын, ер кісілермен бірге асханада отыруға болмайды, орыстармен отырмаймын», дейді. Бұрыннан өміріне өкпелі шығар, онысын түсіне алмадық. 27 жасында жалғыз қалғанын айтып тұр ғой. Өтірікті көп айтады. Бүгінде орталықта 337 қызмет алушы бар. Күнделікті диеталық ас мәзірі бойынша 5 мезгіл балғын (бұзылмаған – ред.) тамақ беріледі. 337 адам – 337 тағдыр. Орталықтан шығарылды, қайтып оралу мүмкіндігі жоқ. Бізге өмірбаянын айтқан жоқ. Туыстарым, достарым, таныстарым бар деді...», – деп түсіндірі Сәуле Қазыбекқызы.

Орталық меңгерушісінің айтуынша, Айжан Ахметова мекемедегі қызмет алушылардың тәртіп бұзу жағдайын қарайтын мәдени-тұрмыстық кеңес мүшелерінің бастамасымен шығарылған. Кеңес төрағасы Дулат Көптөлеуов 66 жастағы кейуананың орталықтан «шындықты айтқаны үшін» емес, шатақ мінезі үшін қуылғанын айтады.

«Ахметованың атына өзге қызмет алушылардан біршама арыз түсті. Бөлмесіне әлеуметтік қызметкерлерді кіргізбейтін. Асханаға бармайтын көрінеді. Өзінің намаз оқитынын айтып, арбаға таңылған кісілермен, ер кісілермен және өзге ұлт өкілдерімен бір жерде тамақ ішпейтінін айтып мінез көрсетті.  Бізде 18 ұлттың өкілі бар. Қандай тамақ керегін айтып талап қойды. Басқа кісілер оның сол мінезін көріп, бізге арызданды. Біз ескерту жасадық. Мекеме басшысы да елмен қатар асханаға баруын сұрады. Түсінетін шығар дедік. Бірақ түсінбеді. Ахметова мәдени-тұрмыстық кеңес қабылдауына да келген жоқ. Бізді менсінбеді. Біз жыл басында Ахметованың сіздерге берген сұхбатын ұмытқанбыз. Оның бұл жағдайға еш қатысы жоқ. Егер тәртіпке бағынбағанын түсініп, кешірім сұрағанда, оны кеңес мүшелері де түсінер еді. Алдымызға келген жоқ. Бізді керек қылмады. Арақ ішеді деп жала жапты. Егер қателігін түсінсе, Кеңес мүшелерін жинап, мәселені қайта қарау керек. Алайда кеңес мүшелері келіспейді. Әкімшілік Астанадағы тұратын жері жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығына баруға болатынын айтқан. Оған қарсы болды. Барлығы бір әлеуметтік қызмет қой. Өзі кінәлі. Дұрыс түсініңіздер, енді өзінен көрсін. Менің қолымнан ештеңе келмейді», – дейді Дулат Көптөлеуов.

2023 жылдың басында Астанадағы Қарттар үйінде тұратын 65 жастағы Айжан Ахметова орталықтың асынан уланып, үш жылдан бері әрең шыдап келгенін айтты. Ол 2018 жылы бірде-бір жақыны болмаған соң «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына келген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама