Кеңес үкіметінің саясатына құқықтық баға беріледі
Биыл мамырдан бастап Литвада «Десоветизация» заңы күшіне енді. Заңға сәйкес, енді тоталитарлық, авторитарлық режимді (кеңестік) және олардың идеологиясын насихаттауға тыйым салынады. Қазақстанда да кеңестік кезеңді аңсайтындар мен елде кеңессіздендіру процесі жүргенін қалайтындар бар. Мәжіліс депутаттары бұл мәселеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Айдос Сарым, депутат:
Біріншіден, 20 ғасыр Қазақстан үшін қайғылы ғасыр болды. Біз (қазақ халқы) ұлт ретінде жойылып кете жаздадық.
Аштық, азамат соғысы және тағы басқалар болды. Жақын арада осының бәрі тиісті бағасын алады деп ойлаймын. Қазір саяси жаппай қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы 30 томнан аса дерек шығарылды. 600 мыңнан аса құжат құпиясыздандырылды. Осының негізінде тағы 30-дан аса том ғылыми айналымға түседі. Нәтижесінде қазақстандық тарихшылар, заңгерлер совет заманында болған зорлыққа, озбырлыққа, қылмыстырға саяси және құқықтық бағасын береді деп ойлаймын. Жақында сол туралы заңдар Мәжіліске енуі керек.
Десоветизация заңмен өтпейді. Ол санадан өтеді. Біздің өмірге, заңға деген қарым-қатынасымыз, біздегі жемқорлық, немқұрайлылық, екіжүзділік совет дәуірінен басталған. Екіжүзділік деп айтуға болатын шығар. Мысалы, маған қатысты болса, тиімді деген сияқты. Осыдан арылғанымыз десоветизация болып саналады.
Самат Нұртаза, депутат:
Десоветизация жақсы ғой. Халық мемлекет маған не береді деп емес, мен мемлекетке не беремін деген философияда қалыптасуы керек деп ойлаймын. Сондықтан әр мемлекет өзінше десоветизациядан өтеді. Біреуге кеш, біреуге ерте. Бірақ болашақта бәріміз одан өтуіміз керек.
Марат Башимов, депутат:
Бізде архив ашылып жатыр. Өйткені президенттің ұсынысы негізінде арнайы комиссия құрылды. Ашаршылық, репрессияға қатысты мәліметтер ашылып жатыр. Алайда бәрі ашылды деп айта алмаймын. Контитуция бойынша әр адамның өзінің пікірі бар. Біз оны шектей алмаймыз.
Үнзила Шапақ, депутат:
Біз дегенде сіз мемлекеттің өзін айтып тұрсаңыз, мемлекеттің ол бағыттан кеткеніне 30 жыл болды. Адамдардың түпсанасындағы мәселеге тоқталайын (Кеңес үкіметін аңсауға байланысты, – автор).
Біз олардың естелігін жоя алмаймыз. Адамның миында жақсы да, жаман да сақталып қалады. Әлеуметтік теңсіздікке ұшырағанда адам бұрынғы жақсы нәрсені немесе жаман нәрсені еске алады. Біз адамның есіндегі өткен нәрсені жоя алмаймыз. Ол – күрделі.
Ерлан Саиров, депутат:
Біріншіден, 30 жыл өтті. Қазақстанда ұрпақ жаңарды. Егер Кеңес үкіметінің жақсылығын уағыздау болса, олар азайып келе жатыр. Бүгінде қазақстандық жастардың көзі ашық. Олар Еуропа, АҚШ сияқты үлкен мемлекеттермен жақсы қарым-қатынаста. Кейбіреуі ағылшын тілін біледі. Сондықтан Кеңес идеологиясын немесе сол кездегі өмір сүру тәсілдерін насихаттау күннен күнге азайып келе жатыр.
Екіншіден, бүгінде қазақ халқының ең негізгі мәселесі – аумалы-төкпелі заманда жойылып кетпеудің амалын жасау. Сондықтан бізге жаһандық жаман тенденциялардың, теңгерімшілік және қазақ халқына салдарын тигізетін әртүрлі бағыт-бағдарлардан өзімізге ұлттық иммунитет жасау керек.
Анас Баққожаев, депутат:
Біріншіден, бұл – мемлекеттік мүлік. Бәрі тегін, ортақ болуы керек деген ой. Көбінесе осы (түсінік) бізді шатастырады. 30 жыл бұрын Қазақстан нарықтық жолды таңдады. Мұнда әркім өзінің шығармашылығына, еңбегіне, кәсібіне қарай дами алады. Бұл модель ашық экономикалық жүйеде ғана іске асады. Сондықтан біз ашық экономикаға аяқ басқаннан кейін соның талабы мен заңдылығын қабылдауымыз керек.
Өкінішке қарай, баяғы Кеңес үкіметінде тегін болды, Үкімет келіп жасап берді, қыруар ақшаға жасалды, шығын болса да оған көз жұмдық деген түсінікпен өмір сүріп жатқан адамдар әлі бар. Сондықтан оларға осы (ойдан) арылу керек дегім келеді.