×

Мұнай таусылса маңғыстаулықтардың күні не болады – депутаттардың жауабы (ВИДЕО)

Депутаттар тұрғындар арасында түсіндіру жұмысы жүргізілуі керек деп есептейді

 Дәурен Ерболат 21.04.2023 | 10:01

18 сәуірде өткен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің батысында мұнай таусылса, аймақтағы ахуал күрделене түсетінін айтты.

Батыста, әсіресе, Маңғыстауда, жастар көбіне мұнайшы болғысы келеді. Бұл – дұрыс емес. Мұнай қоры таусылғанда аймақтағы ахуал тіпті күрделі болып кетуі мүмкін. Сондықтан жастардың басқа да кәсіптерді игеруіне жағдай жасауымыз керек. Бұл жұмысты арнайы жоспар бойынша атқару қажет, - деді Тоқаев.

Halyq Uni тілшісі президенттің осы мәлімдемесіне қатысты бірқатар Мәжіліс депутатының пікірін білді.

Мұнай қоры таусылса, Қазақстанның болашағы қалай болады? Батыс өңіріндегі жастарды басқа салаға бейімдеу мүмкін бе?

Темір Қырықбаев, Мәжіліс депутаты:

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Кәсіпкерлерді қолдау үшін өңірлерден қаржы қарастырып, жастарға жұмыс орталығын ашу керек» деді. Менің ойымша, осы мақсатта оларға жұмыс қарастыруға болады.

Ринат Заитов, Мәжіліс депутаты:

- Маңғыстау халқы (бір мәселе туындаса – автор) неге өре түрегеледі? 2011 жылдан бері біз олардың талаптарына нақты жауап беріп, (меселені) нақты шешудің жолдарын көрсеткен жоқпыз. Бұл жерде президенттің айтқанымен келісемін. Өйткені, ары кетсе, 20-30 жыл мұнай таусылады. Оған дейін мұнайды (алмастырудың – автор) алтернативасы табылып, ол мүлдем қажет болмай қалмаса. Тек мұнайшы боламын деген Атырау халқын аса көріп тұрған жоқпын. Олар бұдан басқа жұмыс көзі болмандықтан осы жұмысты сұрап отыр. Қазір Үкімет тиісті шаралар қабылдап, жұмыс істеуге мүмкіндік жасаса, онда халыққа «Міне, сендерде жұмыс бар. Сендер оларға бармай отырсыңдар» деп айтуға болады. Әзірге жұмыстың басқа көзі болмағандықтан халық (мұнай саласындағы) жұмыстан басқа не сұрайды?Кез келген мәселеде біз осыған дейін болған олқылықтардың салдарын көріп отырмыз. Әйтпесе, біздің Қазақстанның дамуы мүлдем басқа бағытта, қазір басқа деңгейде болуы керек еді.

Асхат Рақымжанов, Мәжіліс депутаты:

- Жалпы еңбек нарығын әртараптандыру керек. Менің ойымша, бұл көбінесе жастардың өзіне байланысты. Олар мектепті бітіргенде, болашақ мамандықты таңдауы керек. Бұған білім беру мекемелері жауапты болуы керек.

Наталья Дементьева, Мәжіліс депутаты:

- Біріншіден, балаларды басқа мамандыққа тарту үшін олармен жұмыс істеуіміз керек. Мысалы, мен ана ретінде өз балама «Сенің жаратылыстану, математикалық бағытқа ебің жоқ, алайда гуманитарлық бағытта алған білімің өте жоғары, өте жақсы. Неге саған халықаралық қатынастар мамандығын таңдамасқа. Әрбір ата-ана өзінің отбасында (балаға) дұрыс тәрбие мен дұрыс бағыт беруі керек.

Екіншіден, теледидар мен әлеуметтік желіде жалпы мамандықтардың болашағы мен артықшылығы туралы айтып, ақпарат беруіміз керек. Мұнайшыдан басқа мамандықтар да бар яғни кез келген маман еліміздің болашағы мен дамуына өз үлесін қоса алады.

Еділ Жаңбыршин, Мәжіліс депутаты:

- Қазір бүкіл әлем мұнай немесе отын саласынан кетіп жатыр. Осының бәрін халыққа түсіндіру керек. Тек жастарға емес, мектеп жасындағы балаларға да мұны айту қажет. Себебі, мектепті бітірген бала мамандық таңдайды ғой. IT саласы да айтылды. Маңғыстау облысында осы саланы дамытып жатқан компаниялар бар. Олар өте жоғары нәтижеге жетіп, қазақстандық өнімдер шығарып жатыр. Міне, осындай компанияларды немесе басқа салаларды көбірек насихаттауымыз керек сияқты. Шынын айту керек, IT саласының мамандары жақсы жалақы алады.

Руслан Берденов, Мәжіліс депутаты:

- Ең бастысы Маңғыстау облысының жастары өздері талпынуы керек. Мен батыс өңіріндегі жастардың басым бөлігі болашағын тек мұнаймен байланыстыратынын білемін. Әрине, мұнай саласындағы жалақы өте жақсы басқа салалармен салыстырғанда. Сондықтан олар осы салада (жұмыс істеуді) ойлайды. Бірақ экономикамызға қарауымыз керек. Қазіргі тенденцияларға мән беруіміз қажет. Мысалы, менің бұрыннан ойлап жүрген жобам бар. Маңғыстау облысы біздің Қазақстандағы ең керемет туристік жерлердің бірі болуы мүмкін. Оған барлық мүмкіндігі бар. (Каспий теңізі жағасындағы Ақтауға – автор) қарама-қарсы тұрған Бакудың өзі жылына 4 млн-ға жуық туристі қабылдайды. Неге біз соны істей алмаймыз?

Абзал Құспан, Мәжіліс депутаты:

- Мамандардың есептеуінше, Жаңаөзен өңіріндегі мұнайдың қоры көп ұзамай таусылуға жақын. Сол кезде халық қайда барады, не істейді? Мысалы, нақты әрбір отбасыдан бір азаматты іріктеп алу керек яғни отбасында 4-5 бала бар деп есептейік. Олардың басым бөлігі жұмыссыз болса, олардың арасында оқуға бейімі бар бір азаматты алып, оның мамандығы мұнайшы болса, оны нақты бір салаға қайта бейімдеп, оқыту керек және оның кәсібін дөңгелетіп алып кетуіне дейін жұмыс жүргізу керек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама