Halyq Uni логотип
×

Аржан Сәдуақас: «Қазақстандағы судьялардың 95 пайызы – кешегі хатшылар»

Аржан Сәдуақас Қазақстандағы заңдарды қарапайым адам түгіл, заңгерлер де түсінбейтінін айтты

 Наима Нұрәлі 04.04.2023 | 11:34

Заңгер Аржан Сәдуақас Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында еліміздегі судьяларды сынға алып, олардың біліксіздігі туралы ашық айтты.

«Хатшының жұмысы судьяға көмектесуден тұрады. Хаттарын реттейді. Судьяға қандай іс жүргізіліп жатқанын айтып, уақытын ескертіп отырады. Еліміздегі судьялардың 5 қана пайызы – прокурорлар мен заңгерлер. Хатшы 5 жылдан соң судья бола алады. Тәжірибесі хатшылықта ғана. Әрине олар біліктілігін дәлелдейді, сертификатын көрсетеді. Бірақ ол бар болғаны тест қой. Мәселен, әкімдік бір қаулы шығарды делік. Заңды тұлға немесе жеке тұлға қаулымен келіспей, сотқа береді. Әкімдік сотта жеңіліс тапса, аппеляция, кассацияға дейін барады. Себебі олар БАЖ салығын төлемейді. Заңгердің жұмысы тегін. Сондықтан істі шұбыртып, жалғастыра береді. Біздің судьялар «ойбай, бізде іс көп!» деп жүретіні содан. Әрі заңдарымыз түсініксіз. Тіпті кейбірін біз де түсінбейміз», – дейді Аржан Сәдуақас.

Заңгердің айтуынша, бұл мәселенің түп-төркіні мемлекеттік тілге деген құрметсіздікте жатыр.

«Қазақстанда 30 жылда 4-ақ заңнама қазақ тілінде жазылды. Қалған миллиондаған заңнама орысша құралған. Түсінбеушіліктердің туындауы содан. Заңгер, прокурорлар да көбіне орыс тіліндегі нұсқасын қолданады. Себебі қазақ тіліне дұрыс аударылмаған. Қазақ тілі тұрмыстың тіліне айналды. Сот процесі орыс тілінде жүреді. Бір рет сотқа қазақша ұсынып көрдім. Судья түсіне алмай, әрең дегенде шешім шығарды. Заңнамалар әу баста қазақ тілінде жасалса ғана, мемлекеттік тілдің деңгейін арттыра аламыз. Екіншіден, әр азаматқа заңгердің көмегінсіз-ақ түсінікті болуға тиіс. Үшіншіден, қазақ тілінде де, орыс тілінде де қате болмауы керек. Біздің заңнамаларымызды шала емес, мүлде дамымаған деп айтуға болады», – деді заңгер.

Аржан Сәдуақас сұқбат барысында әкесін өлтіргендердің жазасыз қалғаны, өлім аузынан аман қалған сәттері, жетімдіктің тауқыметі мен талма ауыруынан қалай айыққаны жайлы айтып берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама