Мохаммад Навид Баят Қазақстан азаматтығын алғысы келетінін жасырмады
Назарбаев университетінде зерттеуші болып жұмыс істейтін ауған босқыны Мохаммад Навид Баят Қазақстандағы білім деңгейі, қазақ жастарының еркіндігі жайлы әңгімелеп берді.
Тоғыз тіл білетін Мохаммад қазақ тілін үйреніп алғанымен, Қазақстанда орысша сөйлесуге мәжбүр екенін айтты.
«Өйткені бәрі орысша сөйлейді. Сізбен сұқбаттасу арқылы қазақшамды еске түсіріп алдым. Қазір мен тоғыз тілде сөйлесе аламын. Ата-анам мені кішкентайымнан білімге баулыды. Мектеп қабырғасында ағылшын тілін меңгердім. 6 тілде еркін сөйлеймін. Қалған 3 тілде жаза аламын, ойымды еркін жеткізуге қиналамын. Өйткені практика болған жоқ. Парсы тілі – ана тілім. Ағылшын, қазақ, орыс, араб, үнді, өзбек, түрік тілдерін білемін. Ауғанстанда 12 сыныпты үздік бітіргеннен кейін Алматыдағы Сәтбаев университетіне оқуға түстім. Төрт жыл ішінде қазақ, орыс, өзбек тілдерін үйреніп шықтым. Университетті тәмамдаған соң Назарбаев университетіне магистратуға тапсырып, грант иелендім. Алайда карантин жарияланып, Кабулда алты ай онлайн білім алдым. Ауғанстаннан кеткеніме 1 апта болғанда елді тәліптер басып алды», – деді Мохаммад Навид Баят.
Кейіпкеріміз Кабулда қалған ата-анасының жағдайы ауыр екенін айтып, өзінің Қазақстан азаматтығын алуына биліктегілердің көмектесуін сұрады.
«Былтыр әке-шешемді, бауырларымды Қазақстанға көшіріп алуға тырыстым. Бірақ Қазақстан қабылдамайды. 7,5 жылдан бері тұратын, қазақша еркін сөйлейтін мені қабылдаған жоқ. Азаматтық бермей жатыр. Қалай Кабулдағы отбасымды қабылдасын?! Отбасымды Қазақстан азаматтығын алсам ғана шақыра аламын. Өкінішке қарай, ондай мүмкіндік жоқ», – деп ашынды кейіпкеріміз.
Сұқбат барысында ауған азаматы тәліптер жайлы әңгімелеп, ауылдағы қазақ қыздарына көмектескісі келетінін жеткізді.