Кезінде сендік, жырладық. Қазір міне, аяғы не болды?, - деді ол
Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында Павлодардың атауын өзгертуге қатысты ойын айтты.
«Павлодардың атын әлі өзгерте алмай отырмыз. Алдымен оның ішін өзгерту керек. Павлодарда үй салынып жатқан жоқ. Семейде де солай. Үй тек Астана мен Түркістанда, Шымкентте салынып жатыр. Басқа облыс орталықтарында кереметтей үй салынып жатқан жоқ. Жұрт көз алдын ғана ойлайды. 15-20 жылдан кейін не болады, тіпті 30-40 жылдан кейін не болады? Бұны Үкімет ойлауы керек. Президенттен бастап, әрбіріміз ойлануымыз керек. Жағдай жасалмаған соң жаппай Астанаға көшеді. Елорданың суы ащы. Есілдің суы сапасыз. Ақшасы барлар суды сатып алып ішеді. Кедей-кепшіктің бәрі осы суды ішіп жатыр. Балалардың бүйрегі не болып жатыр? Қаншама халық қиналып жатыр. Қазақтың жастары құрылыста жүр. Әйелдері ауылда. 4-5 айда тапқанын апарып береді де, қайтадан қалаға келеді. Олардың денсаулығы не болады? Отбасының жағдайы не болады? Қаза берсең, проблема өте көп», – дейді ақын.
Несіпбек Айтұлы кезінде 20-30 мың адам тұратын Шұбартауда қазір бес-ақ мың халық қалғанын айтып, ауыл шаруашылығының тұралауына жергілікті әкімдердің жемқорлықпен айналысуы кедергі болып отырғанын жеткізді.
«Жұрт қой ұстамайды. Өйткені, ешкім қой баққысы келмейді. Сондықтан жылқы мен сиыр ғана ұстап отыр. Сол себепті шаруа қожалығы үшін жер беріліп, жағдай жасалуы керек. Тұратын үйі қаладағымен бірдей болсын. Осы күнге дейін ауыл шаруашылығына қаржы бөлеміз деп сендірді. Інімнің Алматы облысында жеке шаруашылығы бар, бөлінген ақша оларға жетпейді. Аудан әкімі, облыстағылар – жемқорлар. Жемқорлық түбімізге жетті. Халықтың үйсіз-күйсіз жүргені, аудандардың бос жатқаны да, ауыл шаруашылығының дамымай жатқаны да – жемқорлықтың кеселі. Біздің мемлекет 30 жыл жемқорлықпен айналысты. Кезінде сендік, жырладық. Қазір міне, аяғы не болды?», – деді Несіпбек Айтұлы.
Сұқбат барысында Несіпбек Айтұлы оңтүстіктегі халықты солтүстікке көшіру, Өмірзақ Шөкеевтің орындамаған уәдесі, ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи қателігі мен көрші елдердегі соғыстың елімізге тигізер залалы жайында әңгімеледі.