Тұңғышынан айырылған ана Жоғарғы сотқа шағымданатынын айтты
Астанада аулада велосипед теуіп жүрген 7 жасар Ержігіт осылай қапияда ажал құшты. Арман Атаханова ұлының өліміне 1994 жылғы Мадина Ғинаятқызының кінәлі екенін айтып, айғақтар жеткілікті болса да, іс сотқа жетпей жатқанын жеткізді.
Қайғылы оқиға былтыр шілде айында болған. Анасының айтуынша 20 км/сағ жылдамдықпен қозғалған жол талғамайтын Hyundai Tucson маркалы автомокөлік жүргізушісі велосипед мінген баланы басып өтіп, 200 метрге барып бір-ақ тоқтайды. Бұл камера жазбасында да, сараптама да расталған.
«№65 мектептің жанында тұрамыз. Осыдан жеті ай бұрын сағат 18:30 шамасында тұңғышымнан айырылып қалдым. Қаралы хабарды сол маңда тұратын жеңгемізден естідік. Үйден жүгіріп шығып, оқиға орнына жеткенімде жедел жәрдем көлігіне салып жатыр екен. Жақындатпады. Бас сүйегі сынған, миына қан құйылған. Соңғы рет тілдесіп те үлгермедім. Ұлым оқиға орнында жан тапсырды. Болған жайт жалғыз бейнебақылау камерасына ғана түскен. Оның өзінде видеоны әлдебір көлік көлегейлеп қалған. Айналада өзге де бейнебақылау камералары болғанымен, дәл сол күні белгісіз себеппен жұмыс істемей қалыпты. Оқиға кезінде көлік ішінде ер азамат та болған. Олар жолда кедергіні байқап, тоқтағанда балам аман қалар ма еді», - дейді Арман Атаханова.
Қапияда тұңғышынан айырылған ананың айтуынша, күдікті оның алдына 7 ай ішінде бір-ақ рет келіп, «сәлеметсіз бе, кешіріңіз, бұлай болғанын қаламап едім» деген жаттанды сөзін айтып кетіпті. Оған сұрақ қоя бастағанда мардымды жауап бере де алмаған.
«Заң бойынша 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы керек. Қылмыс жасалды ма, заң аясында жазасын алуға тиіс. Сол ғана керек. Басында көп ата-ана сияқты мен де бұл істі Аллаға тапсырып, кешірермін деп ойладым. Алайда ана болған соң тыныш үйде отыра алмайды екенмін. Егер адам өліміне көз жұматын болсақ, онда заң не үшін керек? Артық ештеңе сұрап жатқан жоқпын, тек заң аясында жазасын алғанын талап етемін. Дәлелдің бәрі бар. Баламның мүддесін қорғай алмайтын болсам, не үшін ана болып жер басып жүрмін?! Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз дейміз. Соған сай болуы керек. Мен сияқты аналар көп. "Әке-көке" деп, істі жылы жауып тастап жатқандар жетерлік. Заң бізге көмектеспейтін болса, оның не керегі бар?», - дейді марқұмның анасы.
2022 жылдың 14 шілдесінде Астана қаласы полиция департаменті сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Алайда былтыр 26 қазанда қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылыпты. 2023 жылдың 31 қаңтарында қайтадан іс сотқа жіберілгенімен, Сарыарқа аудандық прокуратурасы 9 ақпанда кейін қайтарыпты.
Сап-сау баласынан қапияда айырылған ана қылмыскердің жазасыз қалғанын қаламайды. Егер мәселе қалалық деңгейде шешілмейтін болса, ол Жоғарғы сотқа шағымданатынын айтты.