Жасқа толмаған Хамзаның еміне қажет қаржының бестен бірі ғана жиналған
Дана Ибрагим есімді Астана тұрғыны сегіз айлық ұлының еміне халықтан көмек сұрады. Жүрегі дімкәс Хамзаның бір көзі 0,3% ғана көрсе, екіншісі мүлде көрмейді. Жыныс мүшесі жасырын орналасқан, емшек безі әдеттегідей екеу емес, төртеу. Сәбиін алғаш көргенде шошығанын айтқан Дана баласының өзге ғаламшарлыққа ұқсауының себебін дәрігерлер коронавируспен байланыстырды деп отыр.
«Хамза басында ауаның өзін дұрыс жұта алмаған. Басында дәрігерлер баланың көзі көрмейтінін айтып, «катаракта» деген диагноз қойды. Қазір көздің қасаң қабығының бұлыңғырланғаны анықталды, басында бұрыс диагноз қойылған екен. Сонымен қатар әдетте адам организмінде 46 хромосома болса, Хамзада 16 хромосома бар деді. Генетик мамандарға жүгінгенімізде, ол да жалған болып шықты. Үйге келгеннен соң үш күннен кейін баламмен ауруханаға түстім. Өйткені еме алмады. Одан кейін пневмонияға шалдықты. Біз берген сүттің бәрі өкпесіне кеткен екен. Бір ай емделген соң үйге келдік. Төрт күннен кейін тағы пневмонияға шалдықты. Жалпы алты рет пневмонияға шалдығыпты. Осыдан бір ай бұрын Астанадағы инфекциялық ауруханаға түстік. Ол жерде пневмонияның ең ауыр түрі – клепсиялы пневмониямен ауырдық. Соған қарамастан Хамза берілмейді, мықты екеніне сенемін», - дейді Дана Ибрагим.
Хамзадан қан шықпайды. Дәрігерлер бір күнде 9-10 тамырын жарып, әбден жылатып барып қан алады. Соңғы рет басынан қан алынды. Оның өзінде бар қаны қоюланып кеткен екен.
Алғашқы бес айға дейін расымен баламыздың келбеті қорқынышты болды. Өзге ғаламшарлық сияқты. Бір көзі мүлде көрмейді, бір көзі көзі бес айға дейін іріңдеді, 0,3 пайыз ғана көреді. Енді көзіне ота жасамақшы. Емдеуге болатынын естігенімде өте қатты қуандым, - дейді Хамзаның анасы.
Хамзаға мүгедектігі бойынша ай сайын 120 мың теңге жәрдемақы берілетіні жас отбасыға еш жерде айтылмаған, 7 айдан кейін ғана біліп, өтініш беруге барғанда учаскелік дәрігері «ол үшін әлі 5 ай уақыт керек» деп ақша дәметкенге ұқсайды. Денсаулық сақтау министрлігіне барғаннан кейін сол 5 айда жәрдемақы тағайындалатынын айтқан маман жарты сағатта мәселені шешіп берген. Астаналық дәрігерлерден «неге келе бересің, сен жалғыз емессің» деген сөзді естігенде, Хамзаның ата-анасының отандық медицинадан көңілі қалған. Тұңғышының жарық дүниені сезіп қана қоймай, өз көзімен көргенін армандайтын әке шипа іздеп Қазақстанның әр түкпірін аралаған.
«Күтіңіз» деумен шығарып салады, жоғары қызмете отырған аға-көкең болмаса, біздің медицина қызметкерлері саусақ ұшын қимылдатқысы келмейтініне көзім жетті. Отандық медицина «баланы бақылауыз, уақыт керек» десе, Түркия дәрігерлері керісінше барынша тез келуімізді, бізге көмектесетінін айтады. Бұрын Қазақстанда медицина дамымаған дегендерге сенбеуші едім, енді әбден көңілім қалды. Менің жағдайымды тек баласы барлар ғана түсінеді», - дейді Илияс Дюсенов.
Бір қуанарлығы, осыдан төрт жыл бұрын Түркияда дәл осындай диагнозы бар балаға ота жасалып, ауруынан айығып кеткен екен. Астаналық отбасы да енді Түркия мамандарына үміт артып отыр. Емге 25 миллион теңге қажет. Қайырымды жандардың қолдауымен әзірге 6 миллион теңгеден аса қаржы жиналған. Ал әлеуметтік желіде 100 мыңнан аса оқырманы бар қайырымдылық қорларына жағдайын айтып жүгінгенде, олар жай пост жариялау үшін 500 мың теңге сұрапты.
«Қайырымдылық қорлары көмектесіп қалар деген ниетпен, сұраған 500 мың теңгесін берейін дегенбіз. Алайда Хамзаның әкесі бізге керек қаржы жиналмай қалса, берген 500 мың теңгенің өзін қайтара алмайтымызды айтып, бас тарттық. Аллаға шүкір, ешкімге ешқандай ақша бермесек те, 4 күн ішінде халықтың қолдауымен 6 миллион теңгеден аса қаржы жиналды. Көмек қолын созып жатқан әрбір қазақстандыққа алғысымыз шексіз. Хамза толықтай жазылып, елінің ардақты азаматы болса екен деп армандаймын. Барлығы Алланың қалауымен болып жатыр. Сол күнге жеткізсін!», - деді оның анасы.
Егер Хамзаның еміне көмек беруге дайын қайырымды жандар болса, оның анасының шотына қаржылай ақша аудара алады:
Дана И.