×

«Ұлымды көрмегелі 2 жылдан асты». Құқығы тапталған тараздық әке бас прокурорға жүгінді

Тараз тұрғыны сотқа жүгінген, бірақ әлі күнге дейін құқығы тапталып отыр

 Наима Нұрәлі 10.01.2023 | 14:00

Жасы 50-ге таяған тараздық Марат Ахметовтың 8 жастағы ұлын көрмегеніне 2 жылдан асқан. Оның кәсібі тұралап, табысы төмендей бастағанда 10 жыл отасқан әйелі жанжал шығаруды жиілеткен. Үйде ұрыс-керіс жиілеген соң отағасы үйінен кетіп қалған.

Одан кейін бірнеше рет айыбын мойындап барса да, әйелі кешірім бермеген. Кейін қайын жұртындағылардан «қызым сенен не жақсылық көрді?» дегенді естіген Марат ажырасуға бел буған.

Марат ажырасқаннан кейін біраз қиындыққа тап болған. Ажырасқаннан кейін балаларын көру мұңға айналыпты. 2021 жылдың ақпан айында 12 жастағы қызы әкесінің үйіне інісін ертіп келіп, анасының ұрып-соғатынын айтып, араша сұрапты. Содан бері қызы әкесімен тұрып жатыр. Ал ұлы анасының жанында. Қазір ұлымен кездесуі шектелген Марат Ахметов заң жүзінде әкелердің құқығы қорғалмағанын айтып, Бас прокурор Берік Асыловтан көмек сұрады.

«Дәрігер болып қызмет ететін әйелімнен 10 жыл бойы қанша жалақы алатынын сұраған емеспінн. Бізде ортақ (отбасылық – авт.) бюджет деген болған емес. Қазір соның қате болғанын түсініп отырмын. Кәсібім тұралаған сәтте қиындықты бірге еңсеріп, қолдау көрсетудің орнына қалтамдағы ақшаны санай бастады. Ипотекаға баспана алғанбыз. Ол үй әйелімде қалды. Бір балам (қызы – авт.) өзіммен бірге тұрып жатса да, екі бала үшін алимент төлеймін. Ең сорақысы, қоғамда "көңілімді тапсаң, бала сенімен бірге болады, мен қаламасам, баланы жібермеймін" дейтін түсінігі таяз әйелдердің көптігі қынжылтады», - дейді кейіпкеріміз.

Әйеліне баламен көрісу уақыты туралы Тараз қаласы білім бөлімі бекіткен құжатты көрсеткенде, қағазды бетіне лақтырыпты. Баласымен кездесуі қиындаған әке осыдан кейін әбден күйініп, артынан сотқа жүгінген.

«Заң аясында жұма күні ұлымды алып, сенбі күні қайта апарамын дегеніме келісуі қиындап кетті. Мен ұлыммен кездесетін күні оны әке-шешесіне апарып тастайды. Ол үйге барсам, "балалар жоқ" деп қайтарады. Содан кейін амал жоқ сотқа бердім. Сот процесі екі айға созылды. Үшінші айда сот қаулысының бекітілуіне 2 күн қалған кезде бұрынғы әйелім аппеляциялық шағым түсірді. Дегенмен, сот қаулысы бекітіліп, әр аптаның жұмасында 18:00-ден сенбі күні 17:00-ге дейін баламмен бірге болуыма мүмкіндік берілді. Сонымен қатар жазда бір айға үйіме алып кетуіме рұқсат етті. Сот қаулысына сәйкес басқа да уақыттарда баламмен бірге болуыма заң жүзінде рұқсат берілді. Алайда іс жүзінде оның бірі де орындалған жоқ», - деп қынжылды Марат Ахметов.

Сот қаулысын орындамағаны үшін Мараттың бұрынғы әйелі бір рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 мың теңге шамасында айыппұл арқалаған. Заң бойынша, екінші рет қайталанса, қылмыстық жауапкершілікке тартылуға тиіс. Алайда білгісіз себептерге байланысты қылмыстық іс қозғалмаған. Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 73-бабының 4-тармағында "ата-ана құқықтарын жүзеге асыру тәртібі туралы сот шешiмi орындалмаған жағдайда, кiнәлi ата-ана Қазақстан заңдарында көзделген жауаптылықта болады" делінген. Сондай-ақ сот шешiмi қасақана орындалмаған кезде баласынан бөлек тұратын ата-ананың талап етуi бойынша сот баланың мүддесiн негiзге алып және баланың пiкiрiн ескере отырып, баланы оған беру туралы шешiм шығара алады.

«Бұрынғы әйелім бір рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Екіншісінде қылмыстық жауапқа тарту жөнінде ұсыным жолданды. Одан бөлек ол Тараз қаласындағы перзентханада жұмыс істейді. Ал ұлымды қаладан 180 шақырым қашықтықта орналасқан Жаңатас қаласындағы 70-тен асқан анасына апарып тастаған. Яғни, бала қараусыз қалды. Не әкесі, не шешесі қасында емес. Сотта қызым "әкеммен қаламын" деді. Дегенмен, үш ай бұрын оны анасына беру жайлы шешім шықты. Ал қызым анасының жанына барғысы келмейді. Бауырлар бір-бірін көрмегелі бір жылдан асты. Сол кезде "қыз балаға қарай алмайды" деген себеппен анасының жанында тұруға шешім шығарған шығар. Бірақ ол кезде мен анаммен, әпкеммен тұратын едім. Одан кейін мен үйлендім. Қазір қызым екінші әйелімді "ана" деп атайды», - дейді Марат Ахметов.

Сотқа қанша дәлел келтірсе де, оның ешқайсын ескермеген көрінеді. Егер заң аясында балаларымен кездесуіне шектеу қоймаса, мұншалықты сот процесі болмайтынын айтады.

«Заң жүзінде рұқсат берілген күні қайын атам "жоқ" деген бірауыз сөзбен есік алдынан қайтаратын. Сол кезде бала қандай стресс алғаны нағашы атасы мен әжесінің ойына да кіріп шыққан жоқ. Бар ойы – менен кек алу. Сондай-ақ ұлым 18 күн сабақтан қалған. Әрі ұлымның іш құрылысында сырқаты бар. Анасының емдетер түрі жоқ. Мен емдетейін десем, кездестірмейді. Дәлелдерге қарамастан, сот істі жылы жауып тастағысы келеді. Барлық фактіні тізіп берсем де, сот жаңадан ашылған мән-жай жоқтығын айтып шешім шығарды. Бас прокурор осыған назар аударса екен», - дейді тараздық азамат.

Марат Ахметов анасының рұқсат етпеуіне қарамастан, баланы алып кетуге мүмкіндік беретіндей заңға толықтырулар енгізілсе деген уәжін айтты. Көпшілік қоғамда мұндай қиындықтар барын білсін деген оймен жанайқайын жеткізген Марат Ахметов әке мейірімін сезіне алмаған ұлының сырқаты асқынып кете ме деп алаңдайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама