Оқиға 28 желтоқсанда кешкі сағат 18:00 шамасында болған
Елордада сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйден өрт шықты. Бірінші қабаттағы 3 бөлмелі пәтер көк түтінге оранып, кіреберістегі бөлме түгелдей жанып кеткен. Оқиға 28 желтоқсанда кешкі сағат 18:00 шамасында болған.
Өрт шыққанда үйдің ішінде көпбалалы ана Гүлнар Тоқтардың жасы 70-тен асқан сырқат әкесі мен екі баласы болған. Оларды көршілері дер кезінде сыртқа шығарып үлгеріпті. Қазір баспанасы өртенген Гүлнар жеті баласымен бірге қонақүйде тұрып жатыр.
«Бір ұлым даун синдромымен дүниеге келген. Тоғыз жыл кезекте тұрып, 2020 жылы пәтерақысы 11 мың теңгені құрайтын 3 бөлмелі пәтерге қолымыз жетті. Мен жұмыстан шығып, үйге жақындағанда аулада өрт сөндіру көлігін көрдім. Сол жерге жиналғандардан қай үй екенін сұрадым. 23-ші үй дегенді естігенде, қорыққанымнан екі аяғымнан жан кетіп қалды. Дереу қызым мен әкеме қоңырау шалдым. Дәл сол сәтте телефон тұтқасын көтермеді. Әкем екі рет инсульт алған, жүрегіне ота жасалған. Өртеніп кетпесе де, түтінге уланып қалды ма деп алаңдадым. Үйге кірмек болғанда жібермей қойды. Дүние-мүліктің бәрі далада жатыр, жартылай жанып кеткен. Сол кезде «іште балаларым мен әкем бар еді» деп қатты айқайладым. Бәрінің аман екенін естігенде ғана аптығымды бастым. Күйеуім ол кезде жолда келе жатқан еді. Уайымдамасын деп, өрт жайлы тіс жармадым. Ол да үйге жеткен кезде бір-ақ білді», - дейді Гүлнар Тоқтар.
Өрт кіреберістегі киім-кешек, құрал-жабдықтар тұрған шағын бөлмеден шыққан. Бастысы, өрттен зардап шеккендер жоқ. Сараптама нәтижесі өрттің өздігінен шыққанын көрсетіп отыр. Гүлнар Тоқтар әкімдіктен үйдің өртенген бөлігін тезірек қалпына келтіріп беруін сұрап отыр.
«Бір апта болды, қонақ үйде тегін тұрып жатырмыз. Оқыс оқиға болған түні «Байқоңыр» ауданы әкімі Ерлан Жаулыбаев хабарласып, көмектесетінін жеткізді. Осы жердің асханасында ас әзірлеуімізге рұқсат берді. Үйді жөндеу жұмыстарын да әкімдік мойнына алды. Құжаттарымызды қалпына келтіру үшін өтініш жазып қойдық. Туған-туыс, достарымыз киім-кешек беріп көмектесіп жатыр. Бүгін екі ұлымның киімін бүтіндеп, бірін балабақшаға, екіншісін «Нұрлы жүрек» орталығына жібердім. Қызым колледждегі оқуына кетті.
Өрт дәл сыртқа шығар есіктің жанынан басталған. Сәл кешіккенде қызыл жалыннан асып өту мүмкін болмас еді. Көршілеріме алғысым шексіз. Жылдың аяғы демей, бірден қолдау көрсеткен «Байқоңыр» ауданы әкімдігіне алғыс айтамын», - дейді Гүлнар Тоқтар.