Махаббат жылы, халықтың жағдайы, экономикадағы тұрақсыздық – 2023 жылға нумеролог болжамы
Нумеролог Құралай Бақытқызы 2023 – қоян жылына болжамын жасады
Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚР президенті лауазымынан кететінін алты ай бұрын дәл болжаған нумеролог Құралай Бақытқызы 2023 жылды ел президенттері үшін сынақ жылы деп атап, әлемдегі ұлы державалардың басшылары ауысуы мүмкін деген болжам жасады. Соның ішінде Ресей президенті Владимир Путин қызметінен кетуі мүмкін екенін айтады.
«Оны Ресейдің конститутция күні, республика күні, президенттің туған күніне қарап есептейміз. Әлемдегі соғыс 2022 жылдың емес, 2021 жылдың салдары еді. Өйткені Қытай күнтізбесі бойынша жаңа жылдың энергетикасы ақпан айында кірді. Соның алдында елімізде қаңтар оқиғасы болды. Шетелдерде де көтерілістер өтті. 2022 жылы көп нәрсе ескерілмеді.
Десе де әр президенттің жанында астролог, нумерологтар бар ма деп ойлаймын. Өйткені тарихта хандарымыз алдымен 4 баласының сандарын қарап, қайсысы билікке жақын болса, соны туғанынан басқару ісіне бағыттаған деген аңыздар бар», - дейді нумеролог.
Қоян жылының стихиясы – су, сол себепті нумеролог жаңа жылды көбіне көк және қара түспен қарсы алу керегін айтады. Су үнемі қозғалыста болғандықтан адамдар да үнемі қозғалыста болуға ұмтылады. Үй сату, сатып алу немесе жұмысын ауыстыруы, саяхатқа шығуы жиілейді. Ал жыл саны – 7. Нумеролог 2023 жылы Қазақстанның оңтүстік, шығыс бөлігінде су апаты болуы мүмкін дейді.
«2+2+3. Міне жылда бар сандарды қоссақ, 7 шығады. 0-ді санамаймыз. Ал бұл – тұрақсыз сан. Былтыр 6 саны болды. Ол санның өзі соғысты білдіреді. Дегенмен, 2022 қаржылық тұрақтылық жылы болды. 2023 жылы ел экономикасында тұрақсыздық жиі болады. Әсіресе, жылдың алғашқы жартыжылдығында халықтың әлеуметтік жағдайы түсуі мүмкін. Осыған байланысты адам бойын күйзеліс билейді. Бірақ күйзелістің өзі прогресске жол ашады. Адамдар қателігінен сабақ алады, ол өз кезегінде дамуға жол ашады. Сонымен қатар, 7 саны – бұл инновация. Жасанды интеллект, ІТ-технология дамитын жыл», - деді Құралай Бақытқызы.
Нумеролог туған жылының соңғы саны 3-ке аяқталатын адамдар үшін жыл өте сәтті болатынын айтты. Мысалы, 1963, 1973, 1983, 1993, 2003 жылы дүниеге келгендер. Үштіктер үшін ақшалы жыл.
Ал 1964, 1974, 1985, 2005 (4-5) жылы дүниеге келгендер үшін ресурсты жыл. Білім деңгейі артады.
1966, 1976, 1987, 2007 (6-7) жылы дүниеге келгендер үшін рухани баю жылы болмақ. Көбіне психологиясымен жұмыс істеу керек.
1968, 1978, 1999, 2009 (8-9) жылы дүниеге келгендер үшін жаңа жыл өте табысты жыл болады. Ал қоян жылы туған адамдар үшін шешуші жыл: үйленеді немесе қызметі жоғарылайды.
Құралай Бақытқызының айтуынша, 2023 жыл – махаббат үшін өте жақсы жыл. Бұрын жұмысын бірінші орынға қойған бойдақтар келесі жылы бар назарын махаббатқа бұрады. Ал ерлі-зайыптылар арасында махаббат оты қайта тұтанып, бір-біріне құрметі мен мейірімі арта түседі.