×

«Өле салайын десем, балаларымды қимаймын»: жалғызбасты, жұмысқа жарамсыз, көпбалалы әйелмен сұқбат

Гүлжанның қазір бесінші баласына аяғы ауыр

 Наима Нұрәлі 22.12.2022 | 12:34

Қазір бесінші баласына аяғы ауыр Гүлжан Қаратілекова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Ол жалғызбасты, II топтағы мүгедектігі бар, жұмысқа жарамсыз. Алматыдан Астанаға биыл көшіп келіпті.

Елордаға жуырда көшіп келген көпбалалы ана бүгінде тек жәрдемақымен күн көру мүмкін емесін айтады. Табанынан сыз, жақтауынан жел өтетін, қабырғалары көгерген, терезесі сынған аядай бөлмені ай сайын 70 мың теңгеге жалдап отыр. Айы-күні жақындап қалған көпбалалы ана арқа сүйер адамы жоғын айтып, «өле салайын десем, балаларымды қимаймын» деп егілді. Денсаулығына байланысты мектепте орта білім алмаған. Кішкентайынан шизофрения ауруымен күресіп келеді. Қатты ашуланса, бір сәтте бәрін ұмытып қалады екен.

Күйеуі аяғы ауыр болса да, жанында төрт баласы болса тастап кетіпті. Түркістан облысында тұратын ата-енесі де «мүгедектігін» бетіне басып, үйінен қуып шығыпты. Тіпті, немерелеріне жаны ашымаған.

«Төртінші балама аяғыма ауыр кезде күйеуім тастап кетті. Әріп те танымаймын. Әрі аурусың деді. Әке-шешем қайтыс болған. Маған ашулануға болмайды. Жетімдігімді пайдаланды, көбіне ауруханаға солар түсіретін. Ешкімім жоқтығын бетіме басып, балаларыммен көшеге қуып шығатын. Ақыры көзімше үйге келін түсіп, күйеуім тағы үйленді. Содан балаларымды алып, Алматыға бет алдым. Екінші рет тұрмысқа шықтым. Қазір бесінші балама аяғым ауыр. Алайда қуанышым көпке созылмады», - дейді Гүлжан.

«ӘКІМ БЕРГЕНІН, КҮШПЕН ТАРТЫП АЛДЫ»

Алматыға келгенде Жетісу ауданының әкімі Гүлнара Көкебава жалғызбасты анаға бизнес бастауы үшін жер телімін сыйға тартқан. Таныстарына қарызданып, ол жерге фаст-фудқа арналған дүңгіршек орнатыпты. Алайда арада бір ай өтпестен аудан әкімі "бергенін күшпен тартып алған". Әкімнің шешіміне қарсы шыққан жалғызбасты анаға бөтен біреулер қысып жасап, терезесін сындырып, орынды босатуын талап еткен.

«Маған үй де беретін болған. Мамыр айында үйдің кілтін табыстауға уәде берген. Оған дейін әкімшілік атынан сауда-саттықпен айналысу үшін Гүлнара Көкебаеваның (аудан әкімі - авт.) орынбасарлары Дамир Сұлтанұлы мен Дәулет Шайтұрсынов жер берді. Содан танитын кісілерден ақша алып, дүңгіршек қойдым. Инженерлік желілер орнатып береміз деген еді. Оның бәрі қала әкімінің алдындағы көзбояушылық екен. Содан Астанаға қашып келдім. Қазір 4 балаға берілетін жәрдемақының 70 мың теңгесіне пәтер жалдаймыз. Қалғанын азық-түлікке жұмсаймын. Оның өзінде бір күні тамақ ішсек, екінші күні ашпыз. Мен жұмыс істемек түгілі жаяу жүруге қиналамын. Қазір балалардың үлкені – қызым 7-сыныпта оқиды, ал екіншісі 5 жаста. Тұңғышым балаларға бас-көз болып отыр. Мен бір күні сау, бір күні аурумын. Қан қысымым жиі көтерілетін болды. Бірақ балаларым үшін өмір сүремін. Әлі-ақ аяққа тұрып кетеміз», - дейді Гүлжан Қаратлекова үміттеніп.

Асыраушысы жоқ көпбалалы отбасы тек жәрдемақыға күнін көріп отыр. Гүлжанның не алған білімі жоқ, не жұмыс істейтін денсаулығы жоқ. Оның үстіне аяғы ауыр.

Қиын жағдайға тап болған жалғызбасты ана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, баспаналы болуға қолдау көрсетуін сұрады.

Сондай-ақ Гүлжан Қаратілекованың отбасына көмек беремін деушілер болса, төмендегі банк реквизиттері арқылы қаржылай қолдауға болады:

Halyk Bank – 6244 9542 4971 8124;

Байланыс нөмірі: +7 707 181 02 82 (Гүлжан Қаратлекова).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама