28 жастағы күдікті ұсталып, қазір тергеу изоляторында отыр
Тараз тұрғыны президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Бейнеүндеу жолдаған Гаухар Қапарбекованың айтуынша, оның 18 жастағы ұлын көлік қағып кеткен, ал рөлде қала әкімдігінің қызметкері отырған.
Қайғылы жағдай биыл 23 қарашада таңғы сағат алтыда болды. Жол апаты салдарынан Гаухар Қапарбекованың ұлы көз жұмды, ал оны қаққан жүргізуші оқиға орнынан ізін жасырған. Әйелдің сөзінше, кінәлі адам әлі бостандықта жүр.
18 жастағы ұлымды әкімдік қызметкері Жанайдар Жолдасов есімді жігіт өзінің BMW автокөлігімен қағып өлтіріп, қашып кетті. Ол әлі бостандықта жүр. Президент мырза және халқым, сіздерден әкімшілік қызметкері әділ жазасын алып, істі жауып тастамас үшін көмек сұраймын, - деп өтінді Гаухар Қапарбекова.
Жамбыл облыстық Полиция департаментіндегілер видеоға түсініктеме беріп, бұл оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345 және 347-баптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын айтты. Іздестіру шаралары кезінде 28 жастағы күдікті анықталып, ұсталды. Қазір ол тергеу изоляторында отыр.