×

«Анашым, қашан өз үйімізде шұлықсыз жүреміз»: Астанада мембағдарлама аясында берілген су жаңа үйден ақау шықты

Театр қызметкерлерінен құралған тұрғындар басқа үйге көшіруді талап етті

 Наима Нұрәлі 12.12.2022 | 18:28

Елордада театр қызметкерлері бастаған тұрғындар әкімдік алдында наразылыққа шықты. Жиналғандар «Көктал-2» тұрғын үй кешенінің апаттық жағдайда екенін айтып, басқа үйге көшіруді талап етті.

«Үйде пеш қосып, үш баламды тастап, сыртынан есікті құлыптап кеттім. Таңнан бері әкімдік алдында тұрмыз. Талап біреу – бізге басқа тұрғын үй кешені берілсін. Көшіп келгенімізге төрт ай болды. Балаларым "анашым, біз қашан өз үйімізде шұлықсыз жүреміз" дейді. Үй суық. Балаларым шетінен ауырып жатыр», – деді қала тұрғыны Жанар Болатқызы.

Көпбалалы әке Жаңбырбай Төлегенов бес айлық баласын жуындыру үшін туыстарының үйін жағалап жүргенін айтты.

Қарт анам үйімізден қашады. Төрт баламмен туыстарымыздың үйіне барып жуынамыз. Терезе мен қабырға арасы ашық. Қабырғалардан суық жел үріп тұр. Еденде емес, мұздың үстінде жүрген сияқтымыз. Дала мен үй ішіндегі температура бірдей, – деді Жаңбырбай Төлегенов.

Қ.Қуанышбаев театрының режиссер көмекшісі Гүлжан Әбдібаева да көршілерінің пікірін құптап отыр. Ол тұрғын үйді сүріп тастап, қайта салу керектігін айтып отыр.

«Қабырғалар жарылып, ажырап жатыр. Жарықтан көше көрінеді. Жылу бар, бірақ суық. Бір көршіміздің суықтан сәбиі шетінеп кетті. Мердігер компания үйімізді жөндеп береміз дейді. Бірақ біз ол үйде отыра алмаймыз. Себебі апаттық жағдайдағы үй тек сүрілуі керек. Біз таңнан кешке дейін әкімдік алдында есікке телмірумен болдық. Әкіммен жолықтырмады. Себебі алдын ала қабылдауына жазылмағанымызды айтады. Бізге пәтер бергенде заң қайда қалды? Енді әкіммен кездесейін десек, көмекшілері заңды алға тартады. Әкімдік кім үшін? Мемлекеттік бағдарламамен алған үйдің сиқы осы болса, басқа үйлердің жағдайы қалай болады? Енді осы тұрғын үйдің жоғарғы қабаттарында бос пәтерлер бар. Солардың ішінен жылысына көшіңіз дейді. Ол қай басынғаны?! Бір пәтерден екінші пәтерге көшкенде не өзгереді?», – деді Гүлжан Әбдібаева.

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының актері Жәнібек Мұсаев апаттық жағдайдағы үйдің не себепті пайдалануға берілгенін айтып ашынды.

«Ол жерде адам тұрмайды. 16-17 жыл кезекте тұрып, осы үйді алдық қой. Тегін емес, сатып аламыз. Әкімдік құрылыс компаниялармен келісе отырып, құрылыс аяқталған үйге бізді көшіруге мүмкіндігі бар шығар. Біз құрылысшы емеспіз. Бірақ үйдің шикі тұстарын зерттей беріп, құрылысшы болып кеттік. Қабырға, еден мұздай. Қысқасы, үй апаттық жағдайда тұр. Бізді басқа үйге көшірсін», – деді Жәнібек Мұсаев.

Еске салайық, биыл мамыр айында театр қызметкерлері төрт айдан бері дайын үйге кіре алмай жүргенін айтқан еді. Сол кезде театр қызметкерлері аталған пәтерге сеніп, басқа мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндігін жіберіп алғанын айтқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама